ОТЫРАР АУДАНЫНДА БІЛІМ САПАСЫ МЕН ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР АРТЫП КЕЛЕДІ

0
38

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ал «Білімдіге дүние жарық» деген тәмсіл – қазақтың сан ғасырлық тәжірибесінен туған өмірлік қағида.

Тарихтың терең қойнауынан тамыр тартқан Отырар өңірі – тек өркениеттің ғана емес, парасат пен білімнің де алтын бесігі. Бұл – әлемге аты мәшһүр Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы ойшыл түлеп ұшқан киелі мекен. Сондықтан да бұл өңірде білім мен ғылымға деген құрмет пен жауапкершілік дәстүрі үзілген емес.

Бүгінде Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын күшейту, жоғары білім беру жүйесін дамыту және өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар білім мен ғылымның өзара байланысын нығайтып, инновациялық ойлау қабілеті жоғары жас буынды қалыптастыруға жол ашып отыр.

Ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау арқылы жоғары оқу орындары мен өндіріс салалары арасындағы әріптестік кеңейіп, өңір экономикасына тікелей әсер ететін жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу үдерісі дамуда. Жоғары оқу орындары арасындағы кооперация аясында бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып, тәжірибе алмасу тетіктері жолға қойылуда. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге және инновациялық дамуға серпін беруде.

Осы ғылыми-білімдік бағыттағы жұмыстар Отырар ауданының білім жүйесімен сабақтасып, кешенді даму сипатын алып отыр.

2024 жылдан бастап аудандық білім бөлімін басқарып келе жатқан Құдайберген Шербаев білім саласында заманауи басқару тәсілдерін енгізіп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда. Оның басшылығымен инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік жүйесін күшейту, цифрлық платформаларды енгізу және кадрлық әлеуетті арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. «Білімді ұрпақ – ел тірегі» қағидатын негізге алған бөлім басшысы «Адал азамат» тәрбиелік моделін жүйелі түрде енгізіп келеді.

Отырар ауданының білім саласы 2025 жылы тұрақты даму динамикасын көрсетті. Ауданда 40 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 2069 педагог қызмет атқарса, 2025–2026 оқу жылында олардың жалпы саны 2297-ге жеткен. Бұл кадрлық әлеуеттің тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.

Педагогтердің кәсіби деңгейі де жоғары. «Педагог-шебер» – 9 мұғалім (0,39%), «Педагог-зерттеуші» – 463 мұғалім (20,1%), «Педагог-сарапшы» – 634 мұғалім (18,2%), «Педагог-модератор» – 688 мұғалім (12,3%). Жалпы санатталған педагогтердің үлесі 78,5 пайызды құрап, білім сапасының өсуіне негіз болып отыр.

Сонымен қатар ауданда 32 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 2701 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 20 мемлекеттік балабақшада – 1957 бала, 7 жекеменшік балабақшада – 516 бала, 4 шағын орталықта – 140 бала, 1 сенімгерлік басқарудағы балабақшада – 88 бала қамтылған. Бұл мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жүйелі түрде жүргізіліп, 31 926 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешен таратылды. Жаңартылған білім мазмұны аясында бірқатар пән оқулықтары қайта басылып, мектеп кітапханалары 1713 дана көркем әдебиетпен толықтырылды.

Оқушыларды әлеуметтік қолдау бағытында 1–4 сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында 734 оқушыға оқу құралдары мен киім-кешек берілді.

Білім сапасының нәтижелері де жоғары деңгейде. 11-сынып түлектерінің бірқатары «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегері атанып, көптеген түлек мемлекеттік грант иегері болды. Бұл көрсеткіштер білім сапасының тұрақты түрде артып келе жатқанын дәлелдейді.

Аудандағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшірілген. Бұл ашықтық пен тиімділікті арттыруға ықпал етуде.

Осылайша, Отырар ауданында білім беру жүйесі тек сапалы білім берумен шектелмей, ғылыммен ұштасқан кешенді даму бағытын қалыптастырып отыр. Ал Түркістан облысындағы ғылым мен білімді дамытуға бағытталған жұмыстар бұл үдерісті одан әрі күшейтіп, өңірдің интеллектуалдық және әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу