Түркістан: Мақта және өсімдік майын өндіретін заманауи зауыты өңір экономикасын күшейтеді

Түркістан облысының индустриялық және әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Соңғы жылдары өңірде инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мақтаарал ауданындағы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылып жатқан «Мақтаарал XingFeng» ЖШС-ның мақта майы және өсімдік майын өндіретін зауытының құрылысы.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 40 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосады.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының І кезеңі 70 пайызға орындалған. Өндірістік ғимараттардың құрылысы қарқынды жүргізілуде, сондай-ақ заманауи технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары басталған. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтың инженерлік-коммуникациялық және инфрақұрылымдық жүйелерін дамыту жұмыстары да қатар атқарылуда.
Мақтаарал ауданының географиялық орналасуы жобаның тиімділігін арттырып отыр. Өңір Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы, әсіресе мақта өсіру саласы жақсы дамыған аймақтардың бірі болып табылады. Шикізат базасына жақын орналасу өндірістік шығындарды азайтып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауданның шекаралық және стратегиялық маңызы, сондай-ақ дамып келе жатқан көлік-логистикалық инфрақұрылым экспорттық әлеуетті кеңейтуге жол ашуда.
Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестиция тарту арқылы өңір экономикасы әртараптандырылуда. Бұл өз кезегінде халықтың табысын арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде.
Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Мақтаарал ауданының индустриялық дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды бастама болып табылады.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұлтың сөзінше, жаңа зауыттың іске қосылуы аудан экономикасына бірнеше бағыт бойынша оң әсерін тигізетін болады.
– Біріншіден, жергілікті мақта өндірушілер үшін өнімді өткізудің жаңа нарығы қалыптасады. Екіншіден, мақтаны бастапқы өңдеумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашылады. Үшіншіден, ауданның өндірістік әлеуеті артып, салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ, кәсіпорынның қызметі көлік, логистика, қызмет көрсету және сауда салаларының дамуына серпін беріп, шағын және орта бизнес субъектілері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады, – деді ол.
Айта кету керек, «Мақтаарал XingFeng» ЖШС-ның бұл жобасы ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.






