ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАРДЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Оған өңірдің әр түкпірінен келген мыңнан астам бала қатысты.
Шара аясында халықаралық және республикалық білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен 20 оқушыға құрмет көрсетіліп, оларға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Мерекелік іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балаларды мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Әкім өз сөзінде өскелең ұрпақтың әлеуетін арттыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, оқушылардың білім, ғылым, өнер және спорт салаларындағы жетістіктерін қолдау, дарынды жастарды ынталандыру және оларға қажетті жағдай жасау басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол Түркістан облысында балалардың сапалы білім алуы мен дамуына бағытталған кешенді қолдау шаралары жалғасып жатқанын, бұл бағытта ғылыми-білім беру экожүйесін дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде балаларды қорғау, білім беру сапасын арттыру және жас таланттарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысының оқушылары халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорт пен өнер жарыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл – ұстаздардың еңбегі мен ата-аналардың қолдауының, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесі.
Биыл халықаралық білім додаларында Түркістан облысының намысын қорғаған 21 оқушы 14 медаль жеңіп алса, жалпы оқу жылы қорытындысы бойынша өңір оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда 169 жүлделі орын иеленді.
Мерекелік іс-шара барысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Сонымен қатар «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы кеңінен насихатталып, отбасы институтын нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түркістан облысында дарынды балаларды қолдау, ғылым мен білімді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде ғылымды танымал етуге, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттауға, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға басымдық берілуде. Сондай-ақ жоғары білім беру жүйесін жетілдіру, өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны дамыту бойынша нақты жобалар іске асырылуда.
Мерекелік кеште өңірдің дарынды оқушылары мен шығармашыл жастары концерттік бағдарламаларын ұсынып, өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар мерекеге қатысқан 1000 балаға қазақ әдебиетінің таңдаулы кітаптары сыйға тартылды.
Түркістан облысында балалардың сапалы білім алуы, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, ғылым мен инновацияға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.






