Отырар ауданында білім сапасы артып, ғылыммен ықпалдастық күшеюде

0
6

Түркістан облысында ғылымды кеңінен насихаттау, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін қоғам арасында ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру, жоғары білім беру жүйесін дамыту және өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығын арттырып, өңірдің инновациялық дамуына жаңа серпін беріп отыр.

Ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау арқылы жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы әріптестік нығайып, экономиканың нақты секторына бағытталған жаңа идеялар мен технологияларды енгізу кеңеюде. ЖОО-лар арасындағы кооперация нәтижесінде бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып, тәжірибе алмасу тетіктері жолға қойылуда. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтуде.

Осы ғылыми-білім беру бағытындағы оң үрдістермен қатар, Отырар ауданында да білім саласы жүйелі дамып келеді. Аудан 2025–2026 оқу жылына толық дайындықпен кіріп, сапалы білім беру, қолжетімділік пен тәрбие сабақтастығын қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Мұнда 40 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектеп, сондай-ақ 32 мектепке дейінгі ұйым балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты дамытуға бағытталған білім беру қызметін атқаруда.

Білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, барлық мектептер мен балабақшаларға 31 926 дана оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер таратылды. 4 және 7-сыныптарға арналған бірқатар пән оқулықтары жаңартылып, қайта басылды. Сонымен қатар мектеп кітапханалары 1713 дана көркем әдебиетпен толықтырылып, оқушылардың оқу мәдениетін арттыруға жағдай жасалды.

Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында 41 мектептің 1–4 сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылды. Асханасы жоқ 9 бастауыш мектепке дайын тамақ тасымалдау жүйесі енгізілген, сондай-ақ мердігер ұйымдар мектеп жанынан асхана салу және оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.

Әлеуметтік қолдау бағытында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 734 оқушы киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтылды. Бұл қолдау әлеуметтік осал санаттағы балаларды толық қамтып, білім алуға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл іске аудандық мәслихат төрағасының демеушілігі де тұрақты түрде үлес қосып келеді.

Білім сапасының нәтижелері де айтарлықтай. 2024–2025 оқу жылында 11-сыныпты 853 оқушы аяқтап, олардың 88-і «Алтын белгі», 49-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. 9-сынып түлектерінің 132-сі үздік нәтиже көрсетті. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 412 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, 14 оқушы «Серпін» бағдарламасымен жоғары оқу орындарына қабылданды.

Сонымен қатар аудандағы барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен толық қамтылған. Қабылдау, кезекке қою және аттестаттау процестері толық цифрлық форматқа көшірілген. Білім беру саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы ішкі бақылау жүйелі түрде жүргізілуде.

Осылайша, Түркістан облысында ғылым мен білімді дамыту бағытындағы кешенді саясат Отырар ауданындағы нақты нәтижелермен ұштасып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және жан-жақты дамуына кең мүмкіндік жасап отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу