ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САММИТІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер талқыланды.
Кеңейтілген отырыс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, бірқатар марапаттар мен Алғыс хаттар табыстады. Облыс әкімі өз сөзінде Түркістанда өткен халықаралық саммиттің тарихи маңызына тоқталып, оның өңірдің дамуындағы жаңа кезеңді айқындағанын атап өтті.
– 15 мамыр күні түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Саммитке бес мемлекет басшысы қатысып, Түркістан декларациясына қол қойылды. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани байланысын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланып, түркі дүниесінің болашақтағы ғылыми және рухани ықпалдастығына жол ашылды. Мемлекет басшысы Түркістанды еліміздің ғана емес, бүкіл өңірдің маңызды орталығы ретінде дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шетелдік делегациялар қаланың инфрақұрылымы, тазалығы, көгалдандыру деңгейі және ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берді. Бұл – ортақ еңбектің және бірліктің нақты нәтижесі, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сондай-ақ жиында саммиттің сәтті өтуіне үлес қосқан коммуналдық сала қызметкерлері, құқық қорғау органдары өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер және қала тұрғындары мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Кездесу барысында бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылып, бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Сонымен қатар Түркістан декларациясы қабылданып, түркі әлемі интеграциясын тереңдетуге бағытталған ортақ келісімдер бекітілді.
Бұл ірі халықаралық іс-шара Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да айрықша серпін берді. Атап айтқанда, өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, туризм саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылды, көлік-логистикалық инфрақұрылым жетілдірілді. Сонымен қатар халықаралық беделдің артуы өңірге шетелдік капитал тартуға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. Түркістанның заманауи әкімшілік, мәдени және рухани орталық ретінде қалыптасу үдерісі жаңа деңгейге көтерілді.






