ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА БІР ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0
18

Бүгінде Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауылдық елді мекендерде тұрғындарды баспанамен қамту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету және қоғамдық бастамаларды дамыту бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. Осы орайда, Сауран ауданына қарасты Ибата елді мекенінде көпшілікті қуантқан тағылымды шара өтіп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, қоныс иелерін қуанышымен құттықтады.

Аталған баспана Ибата ауылындағы 1989 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен бой көтерген. Туған жерге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершілікті ту еткен азаматтар әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасыға баспана сыйлап, ел бірлігі мен қайырымдылықтың үлгісін көрсетті.

Шара барысында аудан әкімі игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайтуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мұндай бастамалар халық арасында өзара көмек пен ынтымақтастық мәдениетін қалыптастырып, өңірдегі әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге ықпал ететіні айтылды.

Жаңа тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, отбасының жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Қоныс иелері өздеріне көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.

Айта кетсек, мұндай қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шаралары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, ауылдардың дамуына, қоғамдық белсенділіктің артуына және ел ішіндегі ынтымақтың нығаюына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалар қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтіп, өңірдегі тұрақты әлеуметтік дамудың маңызды тетігіне айналып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу