Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Түркістан облыстық №2 облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 32 аптасында үшем дүниеге келді. Үш нәресте де – қыз балалар. Сәбилердің туған кездегі салмақтары 1775 грамм, 1990 грамм және 1850 грамм болды.
Нәрестелердің анасы — Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылының 38 жастағы тұрғыны Тұрсынай Орынбаева. Ол дефектолог-логопед маманы болса, әкесі Мамыржан Орынбаев еңбек пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Бүгінде өнегелі отбасы алты баланың ата-анасына айналып отыр. Бұған дейін олар екі қыз және бір ұл тәрбиелеп келген.
Дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге сәйкес анаға кесарь тілігі арқылы ота жасап, сәбилерді аман-есен босандырып алды. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын туған нәрестелердің жағдайы тұрақты. Үшемдерге туыстары Сафия, Садия және Самия есімдерін қойған.
Анасының айтуынша, жүктіліктің 14 аптасында №2 облыстық перинаталдық орталықтың Ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер үшем күтіп отырғанын хабарлаған. Бұл жаңалық отбасы үшін үлкен қуаныш әрі ерекше толқыныс сыйлаған.
Үшемдер 22 тәуліктен кейін үйлеріне 2018 грамм, 2010 грамм және 2008 грамм салмақпен шығарылды. Осы уақыт аралығында нәрестелер жан сақтау бөлімшесінде және арнайы күтімді қажет ететін сәбилер бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті медициналық көмектер толық көрсетілді.
Бүгінде ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби біліктілігі мен заманауи медициналық көмектің нәтижесінде нәрестелер өмірге сәтті бейімделіп шықты.
Салтанатты шығарып салу рәсімінде отбасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдірді. Үшемдердің дүниеге келуі тек отбасы үшін ғана емес, аудан тұрғындары үшін де ерекше қуанышқа айналды.
Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және сапалы медициналық қызмет көрсету өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі саналады. Соңғы жылдары заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған перинаталдық орталықтардың жұмысы күшейіп, ана мен бала өлімін азайту көрсеткіштері жақсарып келеді.
Мәліметке сәйкес, №2 облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылы 3 үшем дүниеге келген. Ал 2026 жылдың басынан бері орталықта 1810 нәресте өмірге келсе, соның ішінде алғашқы үшемдер мен 35 егіз тіркелген. Бұл өңірдегі демографиялық өсім мен халықтың әл-ауқатының артып келе жатқанын көрсетеді.






