Ордабасы ауданында ауыл инфрақұрылымы жаңарып, балаларға арналған жаңа ойын алаңшалары пайдалануға берілді

Ордабасы ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ауылдық елді мекендердің өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде тұрғындарға қолжетімді қоғамдық кеңістіктер мен балаларға арналған қауіпсіз демалыс орындарын көбейту көзделген. Осы орайда Бадам ауыл округіне қарасты Ақбұлақ ауылында заманауи талаптарға сай салынған екі бірдей балалар ойын алаңшасы салтанатты түрде ел игілігіне тапсырылды.
Ашылу рәсіміне ауыл әкімі Нұрлан Байбахов, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және қоғам белсенділері қатысып, жаңа нысандардың лентасын қиып, ауыл балаларының қуанышына ортақтасты.
Аталған балалар алаңшаларының құрылысы 2025 жылдың соңында басталып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Жобаның іске асуы жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Мұндай бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Бүгінде пайдалануға берілген нысандар бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз етіп, олардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайды.
Айта кету керек, бұған дейін Бадам ауыл округіне қарасты Дербес ауылында да балалар ойын алаңшасы мен ашық футбол алаңы пайдалануға берілген болатын.






