ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Төлеби ауданы Аққұм ауылында «Мұхит Әлі» атындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Аталған нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға, ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде іске асырылды.
Салтанатты шараға аудан және облыс тұрғындарымен қатар Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан арнайы қонақтар қатысты.
Аққұм ауылының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде танылған. Ол әр жылдары жауапты мемлекеттік қызметтер атқарып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, басқару жүйесінің жетілуіне және ұлттық руханияттың дамуына зор еңбек сіңірді.
Өңірде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауылдық инфрақұрылымды жаңарту, спорт және әлеуметтік нысандарды көбейту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осындай жобалар жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп, құрылыс саласының жандануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде.
Туған жерін ардақтаған азаматтардың қолдауымен бой көтерген спорт кешені Аққұм ауылына жасалған үлкен тарту болды. Жоба ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, бұқаралық спорттың дамуына және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ауыл тұрғындарын құттықтап, ел бірлігі мен жастарды қолдаудың маңызын атап өтті.
Жаңа спорт кешені Төлеби ауданының әлеуметтік дамуына серпін беріп, өңірде бұқаралық спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі ретінде бағаланды.






