ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП, 125,2% КӨРСЕТКІШІНЕ ЖЕТТІ

0
10

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, өңір тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125,2%-ды құрап, республика бойынша 1-орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылу көрсеткіштері қаралды. Жиында жауапты басқарма басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестициялық жобаларды жеделдету, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді және мерзімінде игеру маңызды міндет екенін жеткізді. Сондай-ақ  тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін инвестициялық жобаларды іске асыру және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу маңызды рөл атқаратынын айтып, өңірлер бөлінісінде бекітілген жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету қажет екендігін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары  бюджет қаражатының тиімді игерілуі қатаң бақылауда болатындығын жеткізді.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Оның мәліметінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5%-ды құрады. Тау-кен өндірісі 244,7 млрд теңгеге жетіп, 117,6% өсім көрсетті. Жоспар толық орындалды.

Ауыл шаруашылығы саласында 205,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 111,3% өсім қалыптасты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 470,2 млрд теңгені құрап, 157,4%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 млрд теңгеге жетіп, 110,3% деңгейінде болды.

Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Ажиметованың айтуынша, 2026 жылдың 1 мамырына дейін бюджет түсімдері жоспары 105%-ға орындалып, жоспардан тыс 22,7 млрд теңге қосымша кіріс түскен. Бұл көрсеткіш негізінен өзіндік кірістердің артуы есебінен қамтамасыз етілген.

Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бақылауда екені айтылып, барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Түркістан өңірінде  соңғы жылдары жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар өңірдің тұрақты даму траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Инвестиция көлемінің артуы, өнеркәсіп өндірісінің кеңеюі және ауыл шаруашылығының дамуы өңір экономикасының негізгі драйверлеріне айналған.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласының қарқынды дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табыс деңгейінің өсуіне және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етуде. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда.

Бұл үрдістер Түркістан облысын тек аграрлық аймақ ретінде ғана емес, индустриялық-инновациялық бағытта дамып келе жатқан өңір ретінде қалыптастыруға жол ашуда.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу