Ордабасыда мал қалдығын терең өңдейтін зауыт өңір экономикасын дамытады

Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму, импортты алмастыру және жоғары қосылған құнды өнім өндіру бағыттары өңір экономикасының негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Соңғы жылдары облыста инвестиция көлемі артып, жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосылуда. Бұл үрдіс өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты күшейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде халықты жұмыспен қамту деңгейі өсіп, жергілікті бюджет кірістері нығаюда.
Сонымен қатар өндірістік жобалардың іске асуы инфрақұрылымның дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және экологиялық тиімді өндіріс үлгілерінің қалыптасуына ықпал етуде. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, өңірдің инвестициялық беделін арттыруда. Бүгінде Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналып отыр. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету нәтижесінде бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа өндірістік бағыттардың қалыптасуына жол ашуда.
Осындай маңызды жобалардың бірі – Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде іске қосылғалы отырған Huating Biotechnology компаниясының мал шикізатын терең өңдейтін зауыты. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 9 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда 10 гектар аумақта өндірістік кешеннің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті технологиялық жабдықтар жеткізілген. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құнды өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Зауытта үш негізгі бағыт бойынша өнім шығару жоспарланған. Атап айтқанда, мал сүйегі мен қанын өңдеу арқылы дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті пептон, авиаотын өндірісінде қолданылатын май және фарфор өнеркәсібіне арналған көмір өндірілмек. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына қажетті құрама жем өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 5 мың тонна шикізатты өңдеуге жетеді.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өңірде халықты жұмыспен қамту деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді өңдеу арқылы экологиялық талаптарға сай өндіріс мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Huating Biotechnology компаниясының өкілдері Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтіп, жергілікті әкімдіктің қолдауы жобаны жедел жүзеге асыруға мүмкіндік бергенін жеткізді.






