ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді жүзеге асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Ашық ақпараттық кеңістік қалыптастыру инвестициялық ахуалды жақсартуға, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен мемлекеттік ақпараттық саясат бойынша апталық штаб отырысы өтті. Жиында өңірде ақпараттық саясаттың орындалу барысы мен өңірлік коммуникация қызметінің атқарған жұмыстары қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жұмашбеков, Ақпараттық талдау орталығы КММ директоры Айдар Сейдазым және Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Отырыс барысында өңірде жарияланған ақпараттық материалдарға жедел әрекет ету алгоритмінің орындалуы, мемлекеттік органдардың ресми жауап беру мерзімі мен сапасы сараланды. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін өзекті мәселелерге талдау жүргізіліп, олардың шешілу барысы қаралды.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеу, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы іс-қимыл, жол және балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ дала өрттерінің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы талқыланды.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жауапты сала басшыларына мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы жүзеге асыру, халықпен кері байланысты күшейту және өзекті мәселелерге жедел әрі тиімді әрекет ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, өңірде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және әлеуметтік жобалар туралы жедел әрі нақты ақпарат тарату кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар тұрғындармен кері байланыс жүйесін күшейту халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, шешім қабылдау процесін жеделдетуге жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және басқару тиімділігінің артуына ықпал етуде.






