ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0
21

Түркістанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, сала мамандарының еңбегі ерекше аталып өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Салтанатты басқосуда Ертай Кенжебекұлы мәдениет пен өнердің қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтіп, өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

–Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Бүгін атауы мыңжылдықтарға кеткенмен, облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтерілген рухани шаһардың төріне облыстың маңдайалды мәдениет қызметкерлері жиналып отыр. Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді.  Күні кеше ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін абыроймен өткіздік. Елдің абыройын көтеретін мұндай игі істердің барлығы сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Өңірде мәдениет нысандары салынып, халыққа рухани қызмет көрсетуде. Өткен жылы аудан, қалаларда 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл 10 мәдениет ошағының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар театрлар мен концерттік ұйымдар халықаралық деңгейде де ел намысын қорғап келеді, – деген  облыс әкімінің орынбасары үздік деп танылған бірқатар мәдениет өкілдерін марапаттады.

Ол сондай-ақ облыстық мәдениет мекемелерінің республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүргенін, өнер ұжымдарының шетелдерге гастрольдік сапармен шығып, Қазақстанның мәдени брендіне айналып келе жатқанын атап өтті.

Мерекелік шара барысында мәдениет пен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ бірқатар мамандар Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева да сала мамандарын құттықтап, Алғыс хаттар табыстады. Сонымен бірге «Музейлер шеруі» байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік қатысушыларға автокөлік және бағалы сыйлықтар берілді.

Кеш барысында көрермендер «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы промо-роликті тамашалап, «Алтын тамыр» би ансамблінің «Өнер» хореографиялық қойылымын көрді. Сондай-ақ еліміздің танымал өнер жұлдыздары Маржан Арапбаева мен Гүлнұр Оразымбетова ән шырқап, мерекелік кештің көркін аша түсті.

Айта кетсек, Оолыстық мәдениет мекемелері республикалық, халықаралық байқауларда өңір намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Театрларда жаңа қойылымдар сахналанып, концерттік ұйымдар мазмұнды кештерді жұрт назарына ұсынып келеді. Өнер байқауларындағы жетістіктерден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге де гастролдік сапарлар ұйымдастырылуда. Биыл «Конгресс холл» кешенінің «Алқоңыр» ансамблі Европада өнер көрсетіп, ел даңқын асқақтатты.

Жалпы Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласын дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуда. Соңғы жылдары облыс орталығы Түркістан қаласының ерекше мәртебе алуы және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы өңірдің жаңа даму кезеңіне жол ашты. Мәселен, мәдениет саласына инвестиция тарту, жаңа мәдениет үйлерін салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту халықтың рухани сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, құрылыс, қызмет көрсету және туризм салаларының дамуына да серпін беріп отыр.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық бастамалар халықтың өмір сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етуде. Сонымен қатар Түркістанның Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде қалыптасуы оның халықаралық беделін күшейтіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруда.

Алдағы уақытта да мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған жобалар жалғасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қоса бермек.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу