«Ulttyq Ónim – 2026»: Түркістан кәсіпкерлері ұлттық көрмеде өнімдерін ұсынуда

0
12

Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі өтіп жатыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен ұйымдастырылған ауқымды шараға еліміздің барлық өңірлерінен 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі қатысып, өз өнімдері мен өндірістік әлеуетін таныстыруда. Биылғы көрме ауқымы мен қатысушылар саны бойынша тарихтағы ең ірі индустриялық алаңдардың бірі ретінде ерекшеленіп отыр.

Аталған көрмеде Түркістан облысынан 25-тен астам кәсіпорын қатысып, өңірдің өндірістік, экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруда. Аймақ кәсіпкерлері азық-түлік өнімдерінен бастап құрылыс материалдарына, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне дейінгі кең ассортиментті ұсынып, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін айқындап отыр.

Көрме алаңында «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС табиғи алма шырынын, «AYKAN» ЖШС ірімшік өнімдерін, «ҚАРҚЫН-2030» ЖШС ет және шұжық өнімдерін, «BEIBARS BOTTLERS» сусындарын, «Балмуздак» ЖШС балмұздақ өнімдерін, «Trans Cable» кабель өнімдерін, «QAZAQ BITUM Processing» битум өнімдерін, «QazEcoPack» қаптама өнімдерін, сондай-ақ «Quraq Group» жиһаз өнімдерін және өзге де кәсіпорындар өз тауарларын ұсынуда.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғаны және кәсіпкерлікті қолдау шараларының жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.

Түркістан облысында өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыты ретінде айқындалған. Соңғы жылдары аймақта шағын және орта бизнестің үлесі артып, өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, тамақ өндірісі және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шаралары күшейтілуде. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табыс деңгейін арттыруға жағдай жасалуда.

Түркістан облысының экономикалық дамуы индустриялық-инновациялық бағытпен ұштасып, өңірді аграрлық аймақтан заманауи өндіріс пен кәсіпкерлік орталығына айналдыруға ықпал етуде.

«Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі Түркістан облысы кәсіпкерлері үшін жаңа серіктестер табуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға жол ашатын маңызды алаң болып отыр.

Көрме аясында панельдік сессиялар, B2B кездесулер, нетворкинг алаңдары және тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін франчайзинг, салық салу, бизнес процестерін цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану бағыттарында тегін шеберлік сабақтары өтуде.

Келушілер үшін мәдени-ойын-сауық бағдарламалары, танымал әртістер мен блогерлердің қатысуымен концерттік кештер, «Халық таңдауы» онлайн-байқауы және түрлі ұтыс шаралары ұйымдастырылған.

Айта кетейік, «Ulttyq Ónim» көрмесі – мемлекеттік қолдау алған қазақстандық компаниялардың өнімдері мен қызметтерін кеңінен таныстыруға арналған ірі ұлттық алаңдардың бірі. Биылғы көрме 2026 жылғы 24 мамырға дейін жалғасады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу