ҚАЗЫҒҰРТТА 1000-ҒА ЖУЫҚ ЖАС ҚАТЫСҚАН «AL-FARABI» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
18

Қазығұрт ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында дәстүрлі «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті. Зияткер жастардың басын қосқан ауқымды жоба аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның қолдауымен ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында өткен білім бәйгесіне мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер және түрлі сала мамандарынан құралған 200 команда, 1000-ға жуық жас қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов сөз сөйлеп, жобаның жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Осындай интеллектуалды алаңдар жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына, көшбасшылық қабілеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар аудан прокуроры Руслан Абдраимов сайыстың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілуі жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әділдік пен парасаттылық құндылықтарын насихаттауға бағытталғанын жеткізді.

Интеллектуалды ойынның негізгі мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың танымдық қызығушылығын арттыру, білім деңгейін көтеру және елімізде интеллектуалды ортаны дамыту.

Сайыс барысында қатысушылар үш кезең бойынша білім мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған командалар қаржылай сыйақылармен марапатталды. Сайыс нәтижесінде, І орынды Қарақозы Әбдалиев атындағы мектеп командасы иеленіп, 300 мың теңге жүлдеге ие болды.  ІІ орын Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының командасына бұйырып, 200 мың теңге табысталса, ІІІ орынды «Дарын» мектебінің командасы жеңіп алып, 100 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Айта кетейік, «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл тоғызыншы рет өткізілді. Дәстүрлі білім бәйгесі жастардың ой-өрісін кеңейтіп, білімге деген қызығушылығын арттыратын әрі көшбасшылық қабілеттерін дамытатын маңызды алаңға айналып отыр.

Өңірде жастардың білімге, ғылымға және зияткерлік дамуға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру бағытында нақты жобалар қолға алынған. Сонымен қатар жоғары білім беру сапасын арттыру, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны нығайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу