ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ҰШТАСҚАН ИГІ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСУДА

0
18

Қазіргі таңда ғылым мен білімді дамыту – кез келген мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Әсіресе, өңірлік ғылымды өркендету, жас ғалымдарға қолдау көрсету және ғылыми жетістіктерді қоғам арасында кеңінен насихаттау елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға негіз болады. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Ғылым мен білімді қолдау саясаты қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік мәдениетімен қатар дамып, азаматтық бастамалардың күшеюіне ықпал етуде. Соның айқын көрінісі ретінде өңірде түлектердің мұқтаж отбасыларға баспана сыйлау дәстүрі қалыптасып, жыл сайын жалғасын тауып келеді. Бұл бастамалар тек материалдық қолдау ғана емес, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың нақты үлгісі ретінде бағалануда.

Мәселен, Шардара қаласындағы Шардара жалпы орта мектебін 2006 жылы бітірген, 1988 жылы туған азаматтар елге үлгі боларлық игі іс жасап, мұқтаж отбасыға жаңа баспана сыйға тартты. Адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналған бұл сауапты іс көпшіліктің жүрегін тебірентіп, қоғамдағы ынтымақ пен мейірімнің маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Қайырымдылық шарасына аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов қатысып, түлектердің азаматтық ұстанымы мен ұйымшылдығына жоғары баға берді.

«Қазақ халқы ежелден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Бүгінгі жасап отырған игі істеріңіз — бір әулетке ғана емес, тұтас қоғамға үлгі. Жомарттық — байлықпен емес, жүрекпен өлшенеді. Осындай ауызбіршілігі мықты, кең пейілді азаматтар барда елдің бірлігі де, берекесі де арта береді», — деді ол.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары жомарт жандарды аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сый-сияпат табыстады.

Көпшіліктің алғысына бөленген бұл игі бастама аясында қатысушылар Шардара жалпы орта мектебінің түлектеріне ризашылықтарын білдіріп, олардың бірлігі мен азаматтық жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Осылайша, Түркістан өңірінде ғылым мен білімді дамытуға бағытталған бастамалар әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасып, қоғамда мейірім мен ынтымақ мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу