ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN – 2026» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

0
85

2026 жылдың 25-26-27 қыркүйек күндері Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Фестиваль Түркістан облысы әкімідігің, облыс әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен өтеді.
Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері фестивалі – қазақ музыкасын және қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттайтын, Түркістанның тарихи-мәдени келбетін әлемге танытатын ірі мәдени жоба. Биыл фестиваль 7-ші рет ұйымдастырылмақ.
Биылғы ән додасына Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Қырғызстан, Куба, Гвинея, Қарачай-Черкес Республикасы, Башқұртстан және Бразилия елдерінен келген әншілер қатысады.
Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, түркі әлемінің танымал жұлдыздары бір сахнада бас қосады.
Фестивальдің басты мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару, қазақ музыкасының халықаралық беделін арттыру және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі мәдени орталығы ретінде кеңінен таныту.
Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.
Қазылар алқасы және кеш қонақтары: Төлеген Мұхаммеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров.
Өтетін орны: Түркістан қаласы, «Керуен сарай» туристік кешені
Өтетін күндері: 25-26-27 қыркүйек, 2026 жыл
Ұйымдастырушы: Түркістан облысының әкімдігі, мәдениет басқармасы

«VOICE OF TURAN – 2026» бағдарламасы
Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі аясында бірнеше ауқымды халықаралық мәдени іс-шаралар өтпек.
25 қыркүйек күні: «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті
Әлем елдердің танымал өнерпаздарының қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» ауқымды гала-концерті өтеді. Көрермен ұлттық музыка мен заманауи орындаушылық өнер үйлескен, ерекше музыкалық кештің куәсі болады. Кеш қонақтары Қырғызстанның танымал әншілері Jax және Дастан Кенчинбаев, Әзірбайжан елінен Нармин, Башқұртстаннан Зайнетдин, тывалық Сайзана Сюрюн, Қарақалпақстаннан Алишер Байниязов, Өбекстаннан Ozoda Nursaidova және қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Дастан Оразбеков, Әділет Жауғашар, Дос, Бауыржан Макаев, «Turan boys» тобы және т.б өнер көрсетеді.
26 қыркүйек күні: Фестивальдің «Жұлдызды жұп» кезеңі
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Шетелдік қатысушылар еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге танымал қазақ әндерін және заманауи хит әндерді орындайды. Сонымен қатар фестивальдің әр жылғы жеңімпаздары мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетіп, елімізге танымал хореографиялық ұжымдардың ерекше қойылымдарымен толықтырылады.
27 қыркүйек күні: Фестивальдің «Қазақ әні» кезеңі
Фестивальдің негізгі қағидасына сәйкес байқау күні өтеді. Қатысушылар қазақ әндерін (халық әндерін, қазақ копозиторлар шығармаларын) көрермендер мен кәсіби қазылар алқасының назарына ұсынады. Әр орындалатын шығарма хореографиялық қойылымдар және бейне-контенттер арқылы көркем түрде толықтырылып, көрерменге әсерлі форматта жеткізіледі. Сонымен қатар еліміздің танымал өнер шеберлері сахна төрінде әсем ән шырқайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу