ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «IT JAS IQ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ РОБОТОТЕХНИКА БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0
57

Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау, жоғары білім беру сапасын арттыру, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық «IT Jas IQ» робототехника байқауы өтті.

Байқауға өңірдің жалпы және мамандандырылған білім беру ұйымдарынан келген 8–11 сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынады. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту, робототехника мен бағдарламалау саласына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ жастардың шығармашылық және инновациялық әлеуетін шыңдау.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Мансия Есекеева, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай, сондай-ақ Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау FIRST LEGO League Challenge «UNEARTHED» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, қатысушылар мұхиттарды зерттеу, экология және археология бағыттарында тың идеялар мен инновациялық жобаларын ұсынды.

Жарыс төрт негізгі кезең бойынша өткізілді:
– инновациялық жобаларын қорғау;
– роботтар ойынында 15 миссияны орындау;
– робот дизайнын таныстыру;
– командалық құндылықтарды көрсету.

Қатысушылар робот құрастыру және бағдарламалау бағытында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз шеберліктерін дәлелдеді.

Байқау қорытындысы бойынша І орын Қазығұрт ауданы, Qazygurt командасына бұйырды. ІІ орындя Шардара ауданы, Shardara Daryn командасы иеленсе, ІІІ орын Қазығұрт ауданы, Sunkar Q командасына табысталды. Ал IV орынды Созақ ауданы, RoboSozak командасы еншіледі.

 

Бұл байқау жас өнертапқыштардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, техникалық білім мен инновацияға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу