Түркістан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық артып келеді

Түркістан облысында инвестиция тарту – басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда өңірде халықаралық талаптарға сай бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 560 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 409,5 млн АҚШ доллары болса, импорт көлемі – 150,5 млн АҚШ долларына жеткен.
Сондай-ақ Өзбекстаннан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 292,8 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда өңірде ет өңдеу кешенін салу, Сауран ауданында суару жүйелерін шығаратын зауыт ашу және балық шаруашылығын дамыту бағытындағы бірлескен жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта Түркістан өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында ауқымды Өңірде мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында да ірі жобалар жүзеге асуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы экспорт көлемін арттыру және қосымша құны жоғары тауарлар өндіру көзделген. Сонымен бірге Түркістан қаласының тарихи-мәдени және туристік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылуда. Қалада жаңа қонақүйлер, туристік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалар іске қосылып, туризм экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Сонымен қоса облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен инвесторларды тарту бағытында жұмыстар қарқынды атқарылуда. Осы орайда өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовпен кездесті. Онда екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жан-жақты сараланды. Сонымен қатар Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалар мен бірлескен жобаларға басымдық беріліп отыр.
Кездесуде Түркістан облысының экономикалық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Бүгінде облыс ауыл шаруашылығы саласында республика бойынша көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Аймақ мақта, көкөніс, бақша және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе ет өнеркәсібінде өңірдің үлесі зор. Түркістан облысы Қазақстан бойынша ірі қара етінің экспортының 80 пайызын және ұсақ мал етінің 75 пайызын қамтамасыз етеді.
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет және туризм салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен өндіріс орындарын ашу, өңіраралық ынтымақтастықты күшейту және туристік әлеуетті тиімді пайдалану бағыттары сөз болды.
Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев арасындағы жоғары деңгейдегі келісімдер аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Екі ел басшыларының өзара сенімі мен достық қарым-қатынасы бауырлас мемлекеттер арасындағы саяси және экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстан – тарихи тамыры ортақ, мәдениеті мен рухани құндылықтары жақын бауырлас елдер екенін жеткізді.
– Мемлекет басшыларының сындарлы саясатының арқасында екіжақты байланыс жаңа серпін алды. Түркістан облысы бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Біз сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің дамуына тың мүмкіндік ашты. Бүгінде облыста ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі Жол картасы аясында нақты жұмыстар атқарылып жатыр, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Бахтиер Ибрагимов Түркістан облысының әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс өте терең әрі берік екенін атап өтті.
– Түркістанның орны біз үшін ерекше. Біз өзбекстандық кәсіпкерлер мен инвесторларды осы өңірге бағыттап келеміз. Түркістанның туристік әлеуеті жоғары. Көптеген өзбекстандықтар бұл қаланы қасиетті мекен ретінде жақсы біледі. Сондықтан туризм мен кәсіпкерлік салаларындағы байланысты одан әрі дамытуға дайынбыз, – деді ол.
Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдіріп, өзара тиімді жобаларды бірлесіп іске асыру жөнінде келісімге келді. Бұл бастамалар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік жасайды.






