Түркістан облысы мен халықаралық инвесторлар ынтымақтастықты кеңейтуде

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен тікелей кездесулер өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударуда.Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен халықаралық құрылыс және инвестициялық United Global LLC компаниясының президенті Фуад Наср кездесті. Жиын барысында тараптар өңірдегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, серіктестік мүмкіндіктерін саралады.
Тараптар өңірде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық даму жоспары және құрылыс саласындағы серіктестік мүмкіндіктері қарастырылды. Әкім өз сөзінде Түркістан өңірі шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі тартымды алаң екенін атап өтті.
– Түркістан облысы – тек мәдени-тарихи емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да дамушы өңір. Түркістан облысы – Қазақстандағы уран өндірісінің негізгі өңірі. Ал еліміз әлемде уран өндірісі бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарда. Облысымыз табиғи ресурстарға бай, аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Туризм, оның ішінде экотуризм де қарыштап дамып келеді. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық инфрақұрылым мен әкімшілік қолдау тетіктері қарастырылған. Біз халықаралық серіктестікке әрдайым ашықпыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жүздесу барысында United Global LLC басшылығы Түркістан облысындағы инвестициялық ахуалды оң бағалап, өңірмен әріптестік орнатуға, сондай-ақ тұрғын үй, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және қонақүй бизнесі бағытындағы жобаларды қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Түркістан облысы мен United Global LLC компаниясы арасындағы бұл серіктестік арқылы өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестициялық тартымдылық одан әрі арта түспек. United Global LLC – халықаралық деңгейде беделге ие құрылыс және жобалық басқару компаниясы. Компания Crowne Plaza Batumi (Грузия), Torch Tower және Sofitel Palm Jumeirah (Дубай), Hamad Hospital (Катар) сияқты ірі жобаларды сәтті жүзеге асырған.
Әлемдік құрылыс саласында мол тәжірибесі бар бұл компания инфрақұрылым, әкімшілік, тұрғын үй, денсаулық сақтау және коммерциялық нысандар құрылысына маманданған. Жоғары стандарттарға сай, технологиялық тұрғыда озық шешімдер ұсыну арқылы, әлемнің бірнеше елінде сенімді мердігер ретінде танылған. Бүгінде компания инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы саласында Орталық Азия нарығына шығып, Қазақстандағы жаңа жобаларды іске асыруға ниетті.
Қос тарап өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және нақты инвестициялық жобаларды пысықтау жөнінде уағдаласты.
Одан бөлек облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы Молдова Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Штефан Гордамен жүздесті. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, өзара әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Облыс әкімі Түркістанның экономикалық әлеуеті мен халықаралық серіктестікке дайындығын атап өтті.
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген елші өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасы мен облыс орталығының бірегей көрінісіне тоқталып, алған әсерімен бөлісті. Айта кетейік, Штефан Горда – Астана қаласында өзінің дипломатиялық өкілеттігін бастаған Молдова Республикасының еліміздегі алғашқы елшісі.
Кездесу барысында облыс әкімі мәртебелі мейманға Түркістанның тарихы және экономикалық рөлі, инвестициялық әлеуеті мен ынтымақтастықтың басым бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар екіжақты байланысты орнатуға және тікелей өңіраралық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Тараптар экономика, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, туризм және мәдениет саласында тәжірибе алмасу салаларындағы өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Сондай-ақ кездесуде бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Молдова елшісі қос ел арасындағы серіктестік қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын жеткізді. Ол Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалап, молдовалық тараптың нақты ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыс орнатып, жақын арада нақты бірлескен бастамаларды қарастыруға уағдаласты.
Түркістан облысында инвесторлармен жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған, ал инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде.