Түркістан облысында өндірісті дамыту, әріптестікті нығайту бойынша келіссөз жүргізілді

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашуға аймақтағы өндіріс орындарын заман талабына сай дамытуға басымдық берілген. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің «Хайдельберг Материалз Қазақстан» компаниясының басқарма төрағасы Михаил Доковпен кездесуі өтті.
Кездесуде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы шикізат орындарын тиімді пайдалану, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту мәселелері сөз болды.
– Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға, жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Компанияның біздің өңірге қатысты жобаларының жүзеге асырылуы, алдағы жоспарлары жайлы білгіміз келеді. Өңірді дамытуға кәсіпорындар да атсалысады деген сенім мол, – деді Нұралхан Көшеров.
Михаил Доков компания атынан іске асырылып жатқан жобалар жөнінде ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қос тарап бірлескен жұмыстарды жүйелі жүргізуге және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.
Айта кету керек, соңғы жеті жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімі 1 214 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығының өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Облыс экономикасына 1335,0 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан тартылған инвестиция 387,8 млрд. теңгені құрады.