ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты кең ауқымды акция аясында «Таза Қазақстан» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Игі бастама Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйытқы болуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Акцияға зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар мен қоғам белсенділері, белсенді жастар қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан» бағдарламасын жариялап, экологиялық маңызы зор бастама көтерген болатын.Осы тапсырма аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін сол акцияларды жалғастырып, «Таза Қазақстан» аллеясының іргетасын қалау рәсімінде бас қосып тұрмыз. Сондықтан бүгінгі бастамаға қолдау білдірген экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, зиялы қауым мен белсенді жастарға шынайы алғысымды білдіремін. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – біркүндік немесе уақытша бастама емес. Ол біздің өмір салтымызға айналуы керек. Былтыр өңірімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 мыңнан аса іс-шара өтіп, 1 миллионнан астам ағаш егілді. Елді мекендер қоқыстан тазартылып, аймағымыз жайнай түсті. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, миллионнан аса көшет егіледі. Осы бастамаға серпін берген жаңа аллея – тазалық пен дамудың, бірлік пен жасампаздықтың мәңгілік символына айнала берсін! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.






