Түркістан облысында кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және өзге де өзекті мәселелер талқыланған арнайы штаб отырысы өтті.

Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізіп отырды. Отырыс барысында жауапты сала өкілдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы есеп берді.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысы балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Балаларды тәрбиелеу, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы ретте барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын күшейту қажет. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың себеп-салдарын анықтап, алдын алу шараларын күшейтіп, сонымен қатар елді мекендерде отбасы құндылықтарын насихаттау, бала тәрбиесін күшейту бағытында ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырамын. Аудан және қала деңгейінде комиссия отырыстарын тұрақты өткізу, арнайы жұмыс топтарын құрып, мониторинг жүргізу және нақты ұсыныстар енгізу маңызды, – деді ол.

Жиын барысында өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық және өзге де әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ «тәуекел тобына» жататын кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Айта кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысында мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың психологиялық жағдайымен 1353 педагог-психолог айналысады. Өңірде психологиялық қолдау жүйесі жаңғыртылып, осы бағытта ата-аналармен, педагогтермен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтіледі. Сонымен қатар мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде.