Түркістан облысына қарасты Ордабасы тауының бөктерінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін – Корольков қызғалдағы гүлдеп, көздің жауын алуда.

Жыл сайын еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана кездесетін бұл нәзік гүл – табиғаттың баға жетпес байлығы. Әсіресе, Ордабасы ұлттық-тарихи мәдени қорық аумағында оның ерекше көптеп шығуы – биылғы көктемнің көркем көріністерінің біріне айналды.

Былтыр құрғақшылықтың әсерінен сирек көрінген қызғалдақ биыл табиғаттың қолайлы жағдайының арқасында жайқалып, тау бөктерін қызыл-сары кілемге орап тұр. Биіктігі небәрі 6-7 сантиметр болатын бұл өсімдік топталып өсіп, кең алқапты көркем кілемдей көмкерген.

Жұпар иісі аңқыған, көз сүйсіндірер көркем келбетімен жанға жылулық сыйлайтын Корольков қызғалдағы – табиғаттың шынайы ғажайыптарының бірі. Оның әрбір күлтесі – сұлулық пен нәзіктіктің белгісіндей.

Сонымен қатар сирек кездесетін бұл өсімдік ерекше қорғауды қажет етеді. Табиғи мұрамызды сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.