ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ 100 МЫҢ КӨШЕТ ЕГУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

0
37

Отырар ауданында ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін айқындайтын игі бастама бастау алды. Көксарай ауылының жастары мен жасы 70-ке келген қарияларына дейін ауылды көркейтуге білек сыбана кіріскен. Елді мекенге кіретін күре жол бойына көшет егіп, қоршау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылдағы ішкі көшелердің бойын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған.  Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов көпке өнеге болған жұмыстардың барысымен арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет екті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды көркейту мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Бүгінде аудан көлемінде тұрақты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар тазалыққа ден қойып келеді. Көксарай ауылында бастау алған бұл бастама ауыл халқын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа үндейтін ауқымды шара. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі басқа елді мекендерге үлгі болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады, – деді ол.

Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін беретінін жеткізді.

Ауылдың ажарын арттыруға бағытталған қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілді. Игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып 2 жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу