Түркістан: Жетісай ауданында индустриялық аймақ құрылмақ

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қолдау мен жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның бірі – «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймағы.
Жалпы аумағы 59 гектарды құрайтын индустриялық аймақты дамыту үшін инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қаралуда. Аталған индустриялық аймақ алдағы уақытта өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы Серік Мамытов аталмыш аймақта болып, құрылысы жүріп жатқан зауыттарды аралап, шетелдік инвесторлармен кездесті. Жетісай ауданы алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы облыстың дамуына үлес қоса бермек. Индустриялық аймақты дамыту арқылы ауданда кәсіпкерлік саласы да қарқын ала түспек. Бұл дегеніміз – өңірлік экономиканы әртараптандыру, өнім өндіру көлемін арттыру және экспорт әлеуетін ұлғайту үшін маңызды қадам.
Жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын болады. Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз.
Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялды аймақта орналастырылуы межеленген жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның 29,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобасы, нақтырағы, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылы пайдалануға беріліп, жаңадан 1083 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп көзделген.
Айта кетсек, ауданға 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал, биылғы жылдың 8 айында 22,3 млрд теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жеткен. 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспарланған.
Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін беріп, өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, жұмыссыздықты азайтуға, жергілікті халықтың табысын көтеруге де оң әсер ететіні сөзсіз. Түркістан облысы инвесторлар үшін сенімді, ашық әрі тиімді әріптестік алаңы бола бермек.






