Түркістан облысында 7 мәдениет нысаны биыл аяқталады

Түркістан облысында мәдениет саласы 6 негізгі бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетуде. Олар – театр, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұралар және тілдерді дамыту мен ономастика. Аталған бағыттарда облыстық мәдениет басқармасына қарасты 24 мәдениет мекемесі жұмыс істейді.
Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мәдени мекемелердің қызметін жандандыру, олардың әлеуетін арттыру мәселесі кеңінен талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәдениет пен руханият – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды салалар екенін атап өтті.
Сонымен қатар мәдениетімізді дамыту үшін жүйелі кемшіліктерді уақытында анықтап, нақты шешім қабылдаумыз керектігін айтып, облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың концепциясын қайта қарап, креативті идеяларды пайдалана отырып, ұсыныс енгізу қажеттігін жеткізді.
– Түркістан – тарихи-мәдени мұраларға бай өңір. Бұл саладағы жұмыс формалды емес, сапалы әрі нәтижелі болуы тиіс. Әсіресе, мәдени іс-шаралардың мазмұны, жастардың қатысуы мен тарихи сана қалыптастыру бағытына мән берілуі қажет, – деді облыс басшысы.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірдегі үш театрда биылғы 9 айда 15 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылды. Жыл соңына дейін театрларда тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылады. Түркістан облысында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешені қызмет көрсетіп келеді. Екі концерттік ұйымда биыл 145 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 85 500 көрермен қамтылды.
Түркістан облысында мәдениет саласының дамуы қарқын алуда. Музей, кітапхана, мәдени нысандар мен шығармашылық үйірмелер бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген.






