Түркістанда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде

Түркістан өңірінде мәдениет, спорт, тұрғын үй салалары бойынша ірі әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Облыс орталығы мен аудан-қалаларда бірқатар жаңа нысандардың құрылысы қызу жүргізілуде. Мәдениет үйлері, спорт кешендері, көпқабатты тұрғын үйлер – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің басты драйвері. Әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы спорт және мәдениет нысандарын аралап, жауаптылармен кездесті. Кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралады. Ертай Кенжебекұлы спорт, мәдениет саласын дамытуға күш салынатынын және бұл бағытта өңірге дарынды спортшылар мен талантты жастарды тартудың маңыздылығын айтты.
Биыл Түркістан облысында 54 спорт нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Оның ішінде 25 спорт кешені, 11 спорт зал, 15 спорт алаңы, 1 футбол манежі, 1 ату алаңы бар. Аталған спорт нысандарының қатарында халықаралық Ескек есу каналы және Атшабар іске қосылады. Айта кетсек, өткен жылы өңірде 73 спорт нысанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылған.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде мәдениет саласындағы инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында мәдени ошақтар бой көтеріп жатыр. Бүгінде облыста 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі қызмет көрсетуде. Былтыр Отырар ауданында төрт бірдей мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Сарыағаш және Келес аудандарында жаңа мәдениет ошақтары есігін айқара ашты. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жыл соңына дейін 7 мәдениет үйі халық игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамудың оң қарқынын көрсетіп келеді. 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында өңірде өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Биыл Түркістан облысы бойынша 1,060 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен 528,3 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 115%-ды құрады.
Облыс әкімі жиыналыста бюджет қаражатына сатып алу жоспарланған тұрғын үйлердің құрылыс сапасына аудан-қала әкімдіктері тарапынан бақылауды күшейту қажет екенін айтып, жауапты басшыларға бірқатар міндет жүктеген болатын.
Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде кредиттік 2138 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде, Түркістан қаласында 1182 пәтерлі 17 тұрғын үй және Кентау қаласында 60 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Қалған 12 тұрғын үйді қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл пәтерлерді «Отбасы банк» арқылы кезектегі азаматтарға сату көзделген. Сонымен қатар 296 пәтерлі 6 арендалық тұрғын үй салынуда.
Одан бөлек, 578 арендалық және 2015 кредиттік пәтерлер сатып алу көзделген. Бүгінде Түркістан қаласынан 84 пәтер сатып алынды. Қалған 494 пәтер жоспарға сәйкес қараша айына дейін сатып алынуы тиіс. Ал, кредиттік пәтерлерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, өңірде жоспардан тыс 2 322 пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл пәтерлердің құрылысы 2026 жылы аяқталады. Түркістан облысында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.