Ауыл шаруашылығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тірегі

Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тірегі. Облыс басшылығы бұл саланы дамытуға ерекше мән беріп, нақты жоспарлар мен индикаторлар арқылы жүйелі жұмыстар атқаруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенде ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр.
Жыл басынан бері облыста 487,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 100,1%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асады деп болжануда. Бұл Түркістан өңірінің республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі жетекші орындарының бірін иеленіп отырғанын көрсетеді.
Облыста нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдары 270,1 млрд теңгеге 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар аясында 2 488 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр. Биылдың өзінде 1 700 жұмыс орнымен 34 жобаны іске қосу жоспарланған болса, бүгінгі таңда 22 жоба жүзеге асып, 935 адам жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді (2024 ж. – 872,5 мың га), бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға көп.
Астықты ору науқаны маусым айынан басталып, бүгінгі күнге 100 пайыз орылды. Бүгінгі күнге 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн. тонна бақша, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналды.
Сондай-ақ 5,2 млн тонна малазықтық дақыл жинау жоспарланған болса, бүгінге дейін 4,5 млн тонна дайындалды, бұл жоспардың 86 пайызын құрайды.
Түркістан облысы алдағы жылдары да аграрлық саладағы көшбасшылық орнын сақтап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқармақ.






