Түркістан: Сайрамда Қарттар күніне орай Ардагерлер үйі ашылды

1 қазан – Халықаралық қарттар күні елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен қарияларға деген құрметтің айқын көрінісі. Осыған орай Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында “Құрмет” ардагерлер үйі салтанатты түрде ашылып, қазыналы қарттардың игілігіне пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде үлкенге құрмет – біздің қанымызға сіңген қасиет екенін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды.
Салтанатты шара аясында ардагерлерге арналған мерекелік дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қарияларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жаңадан бой көтерген “Құрмет” ардагерлер үйі – қарттардың басын қосып, оларға рухани демеу болатын мәдени-әлеуметтік орталық ретінде қызмет етпек. Бұл – ел ішіндегі бірлікті бекемдеп, қариялардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік беретін игі бастама. Осындай орталықтардың ашылуы – өңірде аға буын өкілдеріне деген сыйластық пен қамқорлықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Ардагерлер орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, арнайы демалыс алаңшалары дайындалды. Бау-бақша жанынан терренкур орнатылып, скандинавиялық серуендеу жолы қарастырылды. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Бұл қадам – облыстағы аға буынға деген айрықша құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Мұнда ардагерлер бас қосып, денсаулықтарын түзейді.
Жалпы бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай ету мақсатында жаңа ғимарат таңдалды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл – облыс халқының 10 пайызына жуық. Облыста 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Өңірде ардагерлерді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп, майдангерлерге, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Түркістан облысы бойынша 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оған теңестірілгендер саны 2 983 адам, оның ішінде 8 ардагер ҰОС қатысушылар қатарында. Ұлы Жеңісінің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар барысында ардагерлерге бір реттік материалдық көмектер беріліп, 8 ардагерге Мемлекет басшысының атынан атаулы құттықтау қағазы (адресат) мен құнды сыйлықтар тапсырылды, 2 874 тыл ардагерделіне 100-50 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек берілді.
Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мақсатында бүгінгі таңға облыста 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылған. Ашылған орталықтарда 10 347 зейнеткер немесе жалпы зейнеткерлердің 5%-ы тиісті қызметтермен қамтылған. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында демалып, денсаулығын түзейді.
Облыста жүйелі түрде ардагерлерді тегін басылымдарға жаздыру, демеушілер және жергілікті бюджеттер есебінен коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер беру мәселелері тиісті деңгейде шешілген. 743 ардагер өз қалаулары бойынша басылымдарға тегін жазылады. Ал сексен жастан асқан 391 жалғызілікті қарияның зейнетақыларына ай сайын 1 айлық (3932 теңге) есептік қөрсеткіш мөлшерінде үстеме ақы төленеді. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 6 мыңнан астам ардагерге қолдау көрсетілді: қоғамдық көліктерде тегін жүруге, электр мен газдың және судын ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берілді.
Одан бөлек Қарттар күні мерекесін өткізу жөнінде облыс бойынша арнайы «Қариялар – елдің қазынасы» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шара спорт, білім және денсаулық салаларын қамтиды. Спорт саласы бойынша қарттар күніне орай ардагерлер арасында шахматтан, бильярдтан, тоғызқұмалақтан, үстел теннисінен, қол күресінен, дойбыдан жарыстар өткізіліп жатыр. Іс-шара аясында білім ұяларында «Спорт саулық кепілі», «Қарттарын қадірлеген ел ардақты», «Дені саудың – жаны сау», «Қарияларға қамқорлық көрсетейік» тақырыптарында ардагерлермен кездесулер, үйлеріне барып құттықтаулар, әдеби кештер, мәдени-сауықтыру және тәрбие-насихаттау іс-шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Қарттарым аман жүрсің бе?» тақырыбында облыстағы жүз жастан асқан қарияларды құттықтау акциялары ұйымдастырылып жатыр.Денсаулық саласы бойынша осы мерекеге орай қарттарды қолдаудың айлығы өткізілуде. Осыған орай, тегін дәрігерлік тексеруден өткізу мақсатында ашық есік күндері жарияланып, «Дені саудың – жаны сау» акциясы өтуде. Әлеуметтік сала бойынша әр аудан, қалаларда әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджет есебінен жалғызілікті қарттарға 2-5 АЕК аралығында материалдық көмек көрсетіліп, демеушілер есебінен азық-түлік себеттері таратылып, мерекелік дастарқан ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ардагерлерге волонтерлік топтармен үй-жайларын жинау, әктеу, сырлау, ауласын тазалау жұмыстары «Қарияларға қамқорлық көрсетейік» акциясы шеңберінде жүргізілуде. Бұл шаралардың басты мақсаты – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген еңбек ардагерлері мен зиялы қауымы өкілдерімен жүздесу, ардагерлерді құрметтеу, еркін пікір алмасу. Сонымен бірге ардагерлерге қамқорлық көрсетіп, олардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасау, қоғамның барлық саласында белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беру көзделген.






