Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқын алып келеді

0
86

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беретін әр сала бойынша нақты индикаторлар бекітіліп, мақсатты жоспарлар жасалған. Бұл жоспарлардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.

Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі бұл сала – облыс экономикасының негізгі қозғаушы күші. Жыл басынан бері 487,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,1%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асады деп күтілуде. Түркістан облысы өндірілген өнім көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда.

Ішкі нарықты отандық өніммен қамту мақсатында 2025-2027 жылдары құны 270,1 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 34 жобаны іске қосу көзделсе, жыл басынан бері 22 жоба іске асып, 935 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 907 мың гектарға жетіп, былтырғыдан 34 мың гектарға ұлғайған. Бүгінгі күнге дейін 100% астық орылып, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 млн тонна бақша өнімдері, 234 мың тонна картоп және 9 мың тонна мақсары жиналды.

Мал азығына қажетті 5,2 млн тонна шөптің 4,5 млн тоннасы дайындалып, жоспардың 86%-ы орындалды. Жиын-терім жұмыстары жүйелі жүргізіліп, рентабельді әрі экспорттық әлеуеті жоғары дақылдарға басымдық берілуде. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының аграрлық әлеуеті жоғары, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, халықтың өмір сапасын арттыруға зор ықпал етеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу