Түркістан облысында «Жолда қабылдау» акциясы аясында 800-ге жуық өтініш түсті

Түркістан облысында азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға екі күн ішінде өңірдің 800-ден астам тұрғыны қатысып, құқық қорғау саласына қатысты мәселелер бойынша тегін кеңес алды.
Акция Түркістан облысының барлық қалалары мен аудан орталықтарында бір мезетте ұйымдастырылып, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жалғасты. Қоғамдық ұйым өкілдері мен блогерлер де бұл бастамадан шет қалмай, тұрғындардың пікірін тыңдап, мәселелерін көтеруге атсалысты.
Азаматтар жол қозғалысы ережелері, әкімшілік құқықбұзушылықтар, көші-қон, жүргізуші куәлігін алу, көлік құралдарын тіркеу секілді маңызды тақырыптар бойынша сауалдарын жолдап, мамандар тарапынан толыққанды жауаптар алды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, қойылған сұрақтардың басым бөлігі — 140-тан астамы жол қозғалысын ұйымдастыруға, 74-і автокөлікті қайта жабдықтауға, 73-і айыппұл төлеуге, 98-і көші-қон мәселелеріне қатысты болған. Сонымен қатар сенім телефоны арқылы 58 өтініш келіп түсті.
Уақытты үнемдеу мақсатында шара тұрғын үйлердің аулаларында ұйымдастырылып, халыққа жақын форматта өтті. Мамандар құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, туындаған мәселелер бойынша нақты әрі түсінікті жауаптар берді.
Акцияның басты мақсаты – құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату. Ашықтық пен қолжетімділік полиция жұмысының маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді.
Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз мәселесін еркін жеткізе алуына және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жолда қабылдау» акциясы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.






