ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

0
4
Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 221 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олар 75 келісімшарт және 146 лицензия негізінде жұмыс істейді. Былтыр жер қойнауын пайдаланушылардан өңірдің облыстық бюджетке 9,1 млрд теңге қаржы түсті. Облыс аумағында лицензиялары тоқтатылған және игерілмеген жер қойнауын пайдаланушылардың учаскелеріне инвентаризация жүргізіп, мемлекет меншігіне қайтару жөнінде арнайы комиссия құрылған. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралды.
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға табиғи қазбаларды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күресті күшейтуді, экологиялық апаттардың алдын алу жұмысын жандандыруды тапсырды.
📌– Жер қойнауы мен пайдалы қазбаларды заңсыз қолданушыларға қарсы мобильді топтардың жұмысын жандандыру керек. Өңірдегі өзен-көлдер мен карьерлер тұрақты бақылануға тиіс. Барлығы заңға сәйкес болуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаевтің айтуынша, 2025 жылы 35 жер қойнауын пайдаланушының 123 мың гектар жері, 2026 жыл басынан 3 жер қойнауын пайдаланушының 501 мың гектар жері мемлекетке қайтарылды. Облыста жұмыс істейтін 221 жер қойнауын пайдаланушының жер телімдеріне талдау жүргізіліп, олардың 98-рәсімделгені, ал 123 жер телімі рәсімделмегені анықталды. Осы бағытта жер қойнауын пайдаланушылардың жер телімдерін рәсімдеу үшін іс-шара жоспары бекітілген.
▪️Өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері бойынша бақылау күшейтілуде. Аудан, қала әкімдіктері 28 жер қойнауын пайдаланушының жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулы қабылдады. Сонымен қатар құжаттарын рәсімдемей жұмыс жүргізген 95 пайдаланушыға акт толтырылып, уәкілетті органға жолданды. 13 хабарлама жіберіліп, 6 тексеру жүргізілген, 1 тұлғаға 1,2 млн теңге айыппұл салынған. Өткен жылы 226 рейд жүргізіліп, 342 жүк көлігі мен 47 арнайы техника айыптұраққа қойылды. 74 әкімшілік іс бойынша 16,8 млн теңге залал есептелді. Биыл 40 рейд өткізіліп, 60 техника тоқтатылып, 5,1 млн теңге залал анықталды. Өңірде заңсыз қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан 22 «қызыл нүкте» анықталды. Оның 15-і жеке меншік, 7-і жайылым жер. Аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ заңсыз әрекеттерден келген 558,4 млн теңге залал есептеліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан 28 жер қойнауын пайдаланушылардың жер телімдерінің нысаналы мақсатын ауыстыру туралы қаулы қабылданған.
▪️Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшиннің айтуынша, облыста заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Полиция департаментінің жедел шаралары нәтижесінде биыл 51 құқық бұзушылық анықталды. Анықталған деректер бойынша материалдар уәкілетті органға жолданып, 40 іс бойынша 5,1 млн теңге экономикалық залал есептеліп, Экология департаментіне жіберілді. 29 іс бойынша 1,9 млн теңге айыппұл салынған.
▪️Жыл басынан бері рейдтер барысында өңірде 64 жүк көлігі мен 6 арнайы техника айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар жол қозғалысы талаптарын бұзғаны үшін 2190 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 17,6 млн теңге айыппұл салынған. Табиғатты қорғау, заңсыздықты жою бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу