Түркістан: Құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде

Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 12-14 қыркүйек күндері аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған шараға облыстық полиция департаментінің Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жұмылдырылды.
Мақсат – жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда заң талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертіп, жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік жүргізу сынды құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, полицейлер қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған патруль жұмыстарын белсенді атқаруда. Жетісай ауданының полиция қызметкерлері де іс-шараға атсалысып, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында түнгі рейдтер мен тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осы мақсатта Төлеби ауданында ішкі істер органдарының жеке құрамы арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаментінің Тәрбие және кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е.Шамшат, Жеке құрам жөніндегі инспекциясының инспекторы Ә.Каликулов және аға инспектор А.Избасарова қатысты.
Жиын барысында полиция полковнигі Е.Шамшат ҚР ІІМ-нен жолданған ресми шолулармен таныстырып, жеке құрамға «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол тәртіп сақшыларын кәсіби этика мен заң талаптарын мүлтіксіз орындауға, сондай-ақ қызмет барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге үндеді.
Өз кезегінде аға инспектор А.Избасарова 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген “Тұрғын үй қатынастары туралы” ҚР Заңына енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ақпарат берді.
Жиынның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін арттырып, заңнаманы нақты әрі тиімді қолдануға бағыттау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау. Мұндай түсіндіру шаралары құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейін көтеріп, қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.






