Түркістан облысында оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізілді

Түркістан облысындағы тәртіп сақшылары жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру мақсатында тиісті шаралар атқаруда. Соның бірі – Арыс қаласында тәртіп сақшылары оқу орындарында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруда.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Бекжан Үсенбаев пен учаскелік полиция инспекторлары бірнеше мектепте арнайы кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді: Кездесу барысында кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг), жол қауіпсіздігі, нашақорлықтың зардабы мен тыйым салынған заттарды жасөспірімдердің алып жүрмеуі, қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдерді зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Түркістан облысында «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру бойынша профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Түркістан облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері, полиция майоры А. Жарқынбек және полиция аға лейтенанты Г. Аметова Түркістан қаласындағы «Ханшайым плаза» ойын-сауық орталығында Ашық есік күнін ұйымдастырды.
Отбасын қолдау орталығының және қалалық «Мансап орталығының» мамандарымен бірлесіп өткізілген іс-шараға 60-қа жуық азамат қатысты. Қабылдау барысында мамандар отбасылардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша кеңес берді.
Өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықпен бірлескен іс-қимылды жақсарту шеңберінде сауалнама жүргізілді. Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шаралар қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы хабардарлығын арттыруға және осындай жағдайларға тап болғандарға көмектесуге бағытталған.






