Отырарда алғаш рет күріш пен мақта тамшылатып суарылды

Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқын алып келеді. Осы бағытта елімізде алғаш рет су үнемдеу әдісімен күріш егілді. Аталған тың бастама Отырар ауданына қарасты Қарғалы ауылында «Таймас-2024» ЖШС-нің алқабында жүзеге асырылды. Мұнда тамшылатып суару әдісімен күріш пен мақта шаруашылығы қатар қолға алынған.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы іссапармен барып, аталған жобаның барысымен танысты. Аймақ басшысы мақта және күріш егіс алқабын аралап көріп, инвесторлармен және шаруа қожалығының басшылығымен кездесті. Егістік жұмысын кеңейту мен жандандыруды тапсырған әкім өңірде су үнемдеу бағытындағы тың жобаларға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Шаруашылық директоры Төлеген Серікбаев облыс әкімдігінің қолдауымен шетелге іссапарға барып, инвесторлармен келісімге келгенін атап өтті. Қазіргі таңда бұл келісім нәтижесінде заманауи агротехнологиялар негізінде тиімді жобалар жүзеге асуда. Бұл бастама өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға серпін бермек.
Мұндай әдістер аграрлық сектордағы өнім көлемін еселеп арттырумен қатар, экожүйені сақтауға да ықпал етпек. Демек, бұл атқарылып жатқан жұмыстар тек өндірісті ілгерілету емес, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты әрі жүйелі қадамдардың бірі.






