Түркістан облысында түнгі рейд барысында құқық бұзған жасөспірімдер анықталды

Түркістан облысында түрлі салаларда заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар қарқын алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау және бақылаушы мекемелер бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздік, тазалық және білім беру салаларында кең көлемді тексерулер жүргізуде. Солардың бірі – Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарымен бірлесіп, кәмелет жасына толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кезекті түнгі рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында аудан аумағындағы дәмханалар, мейрамханалар, дүкендер мен ойын-сауық орындары тексерілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастарға құқықтық сауаттылықты түсіндірді.
Іс-шара нәтижесінде түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде жүрген 12 жасөспірім анықталды. Ата-аналарына қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтік іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.






