Түркістан мен Корея ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде

0
63

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Икпен ресми кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты әлеуметтік- экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп және туризм салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдету жолдары қаралды.

Облыс әкімі мәртебелі мейманға Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті жөнінде кең көлемде баяндап, энергетика, өнеркәсіп, туризм және білім беру салаларындағы нақты жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.

 

Облыс әкімі сөзінде: «Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде елімізде Кореяның алпауыт компаниялары табысты жұмыс жүргізуде. Түркістан облысы KITA сауда ассоциациясымен тығыз байланыс орнатып, өңірде екі ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз білім беру, агроөнеркәсіп пен денсаулық сақтау салаларында да Кореямен бірлескен бастамаларды дамытуға ниеттіміз. Кореяның озық тәжірибесі мен технологиялары біз үшін үлгі бола алады», – деді.

Кездесуде Түркістан қаласында ашылған Woosong IT университеті мен Сайрам ауданында салынып жатқан 1000 МВт бу-газ электр станциясы сынды маңызды жобалар кеңінен сөз болды. Өңір басшысы бұл бастамалар екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықтың нақты жемісі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Корея Республикасының Елшісі Чжо Тэ-Ик Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктес ретінде қарастыратындарын жеткізді. Ол Түркістан облысындағы серпінді жобаларға оң бағасын беріп, Корея тарапының өңірмен арадағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Жүздесу  соңында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін білдірді. Екі жақ та өзара тиімді жобаларды қолдауға және серіктестікті нақты істермен бекемдеуге дайын екендерін айтты.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу