Түркістан: Отырардағы жәрмеңкеде тұрғындарға 6 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды

0
78

Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның аясында Отырар ауданы, Қарақоңыр ауыл округіндегі «Түркістан агроөнеркәсіп кешені» ЖШС өндіріс базасында Жұмысшы мамандықтар жылына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Шара барысында жұмыс іздеушілер өндірістік орнымен танысып, 44 бос жұмыс орны ұсынылды. Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысушыларға ауданда жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар мен жұмыспен қамту шаралары жайлы ақпарат берді. Жәрмеңке нәтижесінде 10 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, жұмысшы мамандық иелері аудан әкімдігі мен «AMANAT» партиясының мақтау қағаздарымен марапатталды.

Жәрмеңкеде «Kazakhstan Lihua» ЖШС 300 жұмыс орнын ұсынса, «Altyn Land» ЖШС 85 адамды жұмысқа шақырды. «Kuzov Karabulak» ЖШС – 450, «Kaz Eco Meat» ЖШС 90 жұмыс орнын ұсынды. Өзге де кәсіпорындар тұрғындарды қабылдады.

2025 жылы облыс тұрғындарын жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарды дәріптеу бағытында ауқымды шаралар қолға алынған. Облыс әкімі бекіткен жоспарға сәйкес, 122 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен өндіріс орындарында ашық күндер өткізу көзделген.

Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 5 сала бойынша 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 1 257 жұмыс беруші қатысып, 6 841 бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде 4 868-і (71,1%) жұмысшы мамандықтарына тиесілі болды. Жәрмеңкелерге 6 761 азамат қатысып, нәтижесінде 2 344 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Оның 1 611-і – жұмысшы мамандық иелері (68,7%).

Одан бөлек аймақта жұмысшы мамандарды дәріптеу мақсатында өндіріс орындарында ашық есік күндері өткізілді. Өткізілген ашық есік күндеріне жалпы 37 кәсіпорын қатысып, 9960 азамат қатысты. Олардың 3 мыңнан астамы мектеп оқушылары болса, техникалық және кәсіптік білім алушы 4380 адам, жоғарғы оқу орны түлектері сапынан 659 адам және басқа да санаттағы азаматтар қатарынан 1 848 адам қатысқан.

Айта кетсек, бұл шара облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына едәуір ықпал етеді. Жұмыс орындарының көбеюі – халықтың табысын арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, өндіріс орындарының кеңеюі өңірге инвестиция тартып, инфрақұрылымның дамуына жол ашады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу