Түркістан облысы – Қазақстандағы жетекші аграрлық өңірлердің бірі

0
138

Қазақстан – Корея арасында стратегиялық серіктестік нығайып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда экономиканы әртараптандыру, институционалдық әлеуетті нығайту және шетелдік инвесторлар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістер аясында Түркістан облысы Корея елімен халықаралық әріптестікті дамытуға және Орталық Азиядағы сенімді сауда-экономикалық серіктес ретіндегі ұстанымын күшейтуге ерекше назар аударып отыр.  Осы орайда Түркістан төрінде  «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтамақтастық орталығы» тақырыбында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының екінші ынтымақтастық форумы өтті. Былтыр Корея Республикасында өткен алғашқы форумның жалғасы ретінде бұл басқосу халықаралық әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және тиімді шешімдер қабылдау алаңына айналып отыр.

Орталық Азия – Корея халықаралық форумына Корея және Орта Азия елдерінің, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінің делегациясы қатысты. Делегация құрамында Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва бар.

Халықаралық форум барысында  Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы көрсетілді.

Форумда облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің стратегиялық әріптестікті нығайтуға, өңіраралық байланысты кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.   Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі – Түркістан облысында қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясы құрылысының басталуы болды. Аталған жоба «Samruk-Kazyna» қоры мен Оңтүстік Кореяның «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанның энергетика саласындағы ірі инвестициялардың бірі. Өзінің стратегиялық географиялық орналасуының арқасында Түркістан облысы Орталық Азиядағы маңызды көлік-логистикалық хаб рөлін атқарады. Біз осы әлеуетті инвестиция тарту, экспорттық мүмкіндіктерді арттыру және шетелдік серіктестермен, соның ішінде Кореямен экономикалық байланысты нығайту үшін тиімді пайдалануға дайынбыз. Мемлекет басшыларының өзара сенімі мен қолдауының арқасында Орталық Азияда тату көршілік, достық пен өзара қолдауға негізделген ерекше ынтымақтастық үлгісі қалыптасты. Түркістан облысы Корея мемлекетімен стратегиялық әріптестікті нығайтуға, өңіраралық байланысты кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын.

Басқосуда Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва сөз сөйлеп, серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.

Аталған шара аясында «Түркістан – Жібек жолы бойындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы», «Тұрақты халықаралық ынтымақтастықтың негізі ретіндегі жергілікті дипломатия», «Өңірлердің инвестициялық және экономикалық әлеуеті», «Аграрлық ынтымақтастық», «Туризм», «Білім беру және кадрлық алмасу, жаңа буын басшыларын дайындау» тақырыптарында сессиялар өтті. Онда облыс әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар Корея және Орталық Азия өңірлерінің таныстырылымы өтті.

Жиында стратегиялық әріптестікті нығайтудағы өңірлердің рөлі, бірлескен кәсіпорындар құру әлеуеті, агроөнеркәсіптік кластерлерді және тұрақты жеткізу тізбектерін дамыту, кореялық технологияларды суару, агроцифрландыру және логистика саласында қолдану, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуеті кеңінен қозғалды. Сонымен қатар туризм, өңірлік бренд қалыптастыру, туристік маршруттарды интеграциялау және цифрлық маркетинг, мемлекеттік қызметшілерге арналған өңіраралық тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары, бірлескен университеттік бағдарламалар, өңірлерде ғылыми-зерттеуді дамыту және өзге де маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Көп ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының жүрегі болған Түркістан – мәдениеттер мен идеялар, сауда жолдарының тоғысқан мекені. Түркістан облысы халықаралық байланыстарды белсенді түрде дамуда. Қытай Халық Республикасының бірқатар аймақтарымен, Орталық Азия елдерімен және Түркиямен бауырлас өңірлік қарым-қатынастар орнатылған. Ынтымақтастықтың жарқын үлгісі – Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірлесіп құрылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы.

Түркістан облысы – Қазақстандағы жетекші аграрлық өңірлердің бірі. Облыс мақта, көкөніс және жеміс-жидек өсіру бойынша республикада 1 орында. Жыл сайын жылыжайлар мен егістік алқаптарының көлемі артуда. Салаға Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген озық агротехнологияларын, соның ішінде заманауи «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстың бірегей тарихи ескерткіштері, бай мәдениеті, қонақжайлылығы пен әсем табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді.

Түркістан қаласында IT саласының мамандарын дайындайтын Woosong университетінің филиалын ашу – өңірдің цифрлық трансформациясына бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба Қазақстан мен Корея арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайта түспек.

Делегация мүшелері сапар аясында «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орнында болып, жұмысымен танысты. Сонымен қатар университет ғимаратында G2B форматында кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шет мемлекеттер мен өзге облыстардан келген делегация Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығын және инвестициялық алаңдарын аралап, жұмысымен танысты.

Еске сала кетсек, былтырғы жылдың  қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстан экономикасына инвестиция құю көлемі жағынан шетелдік ірі инвесторлар арасында үшінші орында. Өткен жылы екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 3,1 млрд АҚШ долларына жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan және басқа да 876 оңтүстік кореялық компания табысты жұмыс істеп келеді.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу