Түркістан: Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» каналы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «спорт инфрақұрылымын дамыту мен жаңа кешендерді салу» жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта облыста 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, жастардың болашағына салынған инвестиция, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалған нақты қадам. Осы орайда Түркістан төрінде Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» арнасы ашылды. Бұл – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының, спорттық әлеуетінің және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын мүмкіндігінің артуын білдіреді.
Нысанының ашылу салтанатына орай «Turkistan Water Fest & Sky Lights» атты ауқымды мәдени-спорттық іс-шара өтті. Салтанатты шараға арнайы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов, Есу спорты түрлері бойынша «Қайық» федерациясы АҚБ президенті А.Мерғалиев, Байдарка мен каноэ есу халықаралық федерациясының президенті Т.Кониецко, облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңір тұрғындарына жылы лебізін білдірді.
Бүгін біз үшін тарихи және қуанышты күн. Елімізде алғаш рет халықаралық стандартқа сай келетін «Ескек есу» каналын ашқалы тұрмыз. Түркістанымыз түркі әлемін таңғалдыратын тағы да бір заманауи нысанмен толыққалы тұр. Мемлекет басшысы «Еліміздің келешегі – ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген болатын. Ендеше, жастарымыз мықты болса – еліміз де қуатты болады. Сондықтан жастарды салауатты өмір салтын ұстауға, тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырамын. Баршаңызды Түркістан қаласындағы заманауи нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл спорт орталығынан болашақ Олимпиада чемпиондары шыға берсін! – деді облыс әкімі.
Бұл нысанның ашылуы Мемлекет басшысының тікелей тапсырамасына сәйкес, тарихи Түркістанды дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан нақты жұмыстардың жемісі.
Биыл Президентіміз «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда Түркістан қаласының рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді. Қасиетті Түркістанды рухани ғана емес, білім мен ғылымның, мәдениет пен спорттың орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанатты іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі. «Ескек есу» каналының ерекшелігінің бірі – қаланың экожүйесіне де тікелей әсерін тигізеді. Кешенде Азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға болады. Шетелдік спортшыларға жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл спорт кешені – Түркістанның ғана емес, тұтас қазақ елінің абыройын көтереді. «Ескек есу» каналыны өңір спортының дамуына серпін беріп қана қоймай, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға да зор үлес қосады.
Шара барысында халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан Республикасы «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мергалиев арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылмақ.
Кешке келген қонақтар «Ескек есу» арнасының жаттығу залын аралап, қолөнершілер көрмесі мен «Taiqazan» гастрофестивалін тамашалады.
«Ескек есу» каналында байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сияқты спорт түрлерімен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады. Облыстың ескек есушілері ел абыройын көтеріп келеді. Осы күнге дейін Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 800-ден астам медаль иеленсе (406 алтын, 730 күміс, 676 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 184 медаль қанжылады (58 алтын, 84 күміс, 42 қола). Олимпиада ойындарына 9 лицензия алынды.
Сонымен қатар облыс орталығында мерекелік атмосфера орнап, мың бұралған бишілер, аниматорлар мен цирк өнерпаздары кешенді аралап, келушілердің көңіл көтерді. «Taiqazan» ұлттық тағамдардың гастрономиялық жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, әуе шарлары шоуы, креативті фотозоналар, 10-ға жуық мастер-класс, ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылып, су үстіндегі спорттық ойындар мен қойылымдар, флайборд шоуы, лазерлі және фонтан шоулары, мерекелік отшашу көпшіліктілікті тәнті етті.
Мерекелік кешке 20 мыңнан аса халық жиналып, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасын тамашалады. Мерекелік кешті Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин жүргізді. Кештің ажарын Мұқасан Шахзадаев, Мархаба Сәби, Калифарния, Ақсұңқар, DJ Macarello секілді өнер жұлдыздары қатысты.
Жалпы 102 спорт нысаны пайдалануға тапсырылды. 2026 жылы 10 спорт ғимаратын тапсыру жоспарланып отыр. Облыстағы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды салауаттылыққа тарту мақсатында бейімделген 22 спорт секциясы ашылды. Түркістанда заманауи «Түркістан арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені қызмет етуде. Одан бөлек, қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында «Мұз сарайы» ашылды. Облыс тарихында алғаш рет шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау және шорт-трек үйірмелерімен 400-ден астам жасөспірім айналысуда. Сонымен қатар Түркістан қаласында атшабар кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан ат спорты түрлерін дамытуға, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға зор мүмкіндік беретін болады.