Ата заң – ел тірегі, тәуелсіздіктің тұғыры

Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Ата заңымыз – бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен демократиялық дамуының берік негізі. Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекет пен қоғамның дамуын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған тарихи маңызы зор бағдаршам.
Ата заңның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқығы мен бостандығын нығайтуға ықпал етті. Конституцияның әрбір бабы – Қазақстан халқының еркіндігі мен ел бірлігінің кепілі.
Бүгінгі таңда Ата заңымыз – қоғамдағы тұрақтылықтың, әділеттіліктің және заңдылықтың негізі ретінде өзектілігін жоймай, дамушы мемлекеттің маңызды іргетасы болып қала бермек. Осы орайда Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде ұйымдастырылған «Ата Заңым – Айбыным» атты мерекелік жиын елдік пен бірліктің айшықты көрінісіне айналды.
Шара шымылдығы «Ата Заң айшықтары» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, ел тарихындағы маңызды кезеңдер көрініс тапты. Ізінше «Түркістан» балалар хоры жиналған жұртпен бірге Мемлекеттік Гимнді орындап, салтанатты кештің рухын көтерді.
Мерекелік жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, Ата Заңның ел өміріндегі маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеу жолында Конституцияның рөлі ерекше екенін, алдағы уақытта да заң үстемдігі мен азаматтардың құқығын қорғау басты қағида болып қалатынын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттап, еңбектерін атап өтті. Нұралхан Көшеров өзь сөзінде:
– Баршаңызды еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! 30 жыл ішінде осы құжат тәуелсіз мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуының басты кепіліне айналды. Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналып, халықаралық аренада беделі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» бағытында жүйелі реформалар жүргізілуде. Еліміздің тұрақты дамуының, бейбіт өмірдің, қоғамдық келісім мен ішкі бірліктің басты шарты – «Заң және тәртіп». Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік органдарының өзара бірлескен іс-қимылының арқасында қоғамдық тәртіп нығайып, қылмыс деңгейі азайып келеді. Сонымен қатар, береке мен бірлігі жарасқан Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде. Нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 117,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылар қатарындамыз. Өнеркәсіп өнім көлемі осы жылдың 7 айында 852 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға артты. Түркістан — тек еліміздің рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар геосаяси, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды өңір. Осыған орай, Түркістанға Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше мәртебе беру туралы арнайы заң қабылданды. Қасиетті қаламызда түрлі нысандар бой көтеріп, шын мәніндегі жаңа сәулетті шаhарға айналды. Бұл жетістіктеріміз Ата Заңымыздың негізінде жүзеге асып отыр. Конституцияның 30 жылдығы – тек мереке ғана емес, өткенге баға беріп, болашаққа бағдар жасайтын тарихи белес. Алдағы уақытта біз Ата Заңымызды берік ұстанып, елімізді өркендету жолында аянбай еңбек ете береміз. Тәуелсіздігіміз – тұғырлы, елдігіміз – ғұмырлы болсын! – деп атап өтті.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен егемендігінің нығаюына үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік және өңірлік марапаттарға ие болды.
Марапаттау рәсімі барысында еңбек майталмандарына «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді. Марапат иелерінің қатарында – қарапайым еңбек адамдарынан бастап, қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген жандар бар. Атап айтқанда: электрші, ағаш ұстасы, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, электротехник, темір ұстасы, әлеуметтік әдіскер, мұғалімдер, дәрігерлер, аға оқытушылар және аға инспекторлар құрметке ие болды.
Түркістан облысында барлық салада оң динамика байқалуда. Әсіресе, өңір экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Биыл бұл бағытта өндірілген өнім көлемі 346 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,9% деңгейінде қалыптасты.
Инвестициялық ахуал да айтарлықтай жақсарған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд теңгеге жетіп, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 33,8%-ға артты. Бұл қаражаттың 72%-дан астамы – жеке инвестициялар, яғни бизнес өкілдерінің белсенділігінің артқанын көрсетеді.
Өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,5 трлн теңгеге бағаланған 111 инвестициялық жоба әзірленген. Бұл жобалар аясында 23 766 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Осы жалпы құны 335 млрд. теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 8 163 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 124 млрд. теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 457 жұмыс орны құрылды. Іске асқан жобалардың ішінде терең өңдеу өнеркәсібі бағытындағы ірі инвестициялық жобалар бар. Атап айтқанда, Ордабасы ауданындағы «Central Asia Aluminium» ЖШС-ның алюминий бұйымдарын өндіру зауыты, Ордабасы ауданындағы «Altyn Land» ЖШС-ның автоматтандырылған кірпіш зауыты, Созақ ауданындағы «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» БК ЖШС-ның табиғи уранды өңдеу кешені. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғады.