Түркістан: Әлеуметтік-экономикалық серпін мен даму бағдары айқындалды

0
24

Облыс орталығында өңір басшысы  Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты жиын өтті. Онда облыстың қазіргі жағдайы мен болашағына бағытталған нақты жоспарлар талқыланып, бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Әлеуметтік-экономикалық серпін мен даму бағдары айқындалды.

Отырыста өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды.Өңір басшысы нақты көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалады. Сонымен қоса, жауапты сала басшыларына алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақтылап берді.

– Түркістан – тек өңірдің ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістанды дамыту – барлығымыз үшін маңызды іс. Бұл – ортақ міндет. Қаланың экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, қала тұрғындары үшін барлық қолжетімді жағдай жасалу керек. Ол үшін бәріміз бірлесе отырып жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл – уақытша науқан емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізілуі қажет іс екенін үнемі айтып келемін. Қоршаған ортаның тазалығы – әркімнің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Бұл – тек қаланы таза ұстау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам, – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.

Облыс әкімі 2024-2030 жылдарға арналған облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша бекітілген жол картасындағы ірі жобалардың жүзеге асуын күшейтуді тапсырды. Қаланың кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және өзге де маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы есеп берді. Ол қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарланған бастамалар туралы баяндады. Сондай-ақ,  басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, әр сала бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді даму үстінде. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы үшін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданды. Осы жылдың алғашқы 7 айында Түркістан қаласында халық саны 241,7 мың адамнан асқан.

Жалпы өңірлік өнім 31,3%-ға артып, 272 млрд теңгені құрады. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Биыл 944 пәтер әлеуметтік баспана ретінде берілмек. Жеті айда 160,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5%-дан 56,3%-ға жетеді деп күтілуде. 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 92%-ға жетеді.

Түркістанда 5 саябақтың құрылысы жүргізілуде, 300 мыңдай түп ағаш отырғызылады. Қаланың тазалығына 600 жұмысшы жұмылдырылып, 28 мың тонна қоқыс шығарылды. 33 көпқабатты үйдің қасбетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу