ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ-ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСАДЫ

0
48

Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл бастама Түркістанды түркі әлемінің рухани және ғылыми орталығы ретінде дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы Түркістанға жасаған сапарында және Ұлттық құрылтайда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеу, оны кеңінен насихаттау және Түркістанды халықаралық ғылыми-рухани орталыққа айналдыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Жаңа институттың құрылуы осы стратегиялық міндеттердің практикалық жүзеге асуының жалғасы саналады.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жаңа ғылыми-зерттеу институты түркі өркениетін, сопылық ілімді, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығын кешенді түрде зерттейтін халықаралық академиялық орталыққа айналады. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен өркениеті жүйелі түрде зерделенбек.

Сонымен қатар институт базасында халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, сирек қолжазбалар мен тарихи деректерді жинақтау, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары жүргізіледі. Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференциялар, симпозиумдар мен ғылыми тағылымдамалар ұйымдастырылатын болады.

Алты қабаттан тұратын жаңа кешеннің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология және Ясауитану ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалар, қолжазбалар музейі мен көрме орталығы орналасады. Сондай-ақ 420 орындық конференц-зал, оқу аудиториялары және жас зерттеушілерге арналған ғылыми алаңдар қарастырылған.

Жоба Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, Түркістанның халықаралық деңгейдегі ғылыми-инновациялық және рухани орталық ретіндегі мәртебесін арттыра түседі.

Аталған жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді ықпал етеді. Біріншіден, құрылыс және кейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берсе, екіншіден, ғылыми-білім беру инфрақұрылымының кеңеюі өңірге жоғары білікті мамандарды тартуға жол ашады. Сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың артуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, туризм мен білім экономикасының дамуына серпін береді. Бұл Түркістанның тек рухани емес, сонымен бірге заманауи білім мен ғылымға негізделген экономикалық орталық ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу