Түркістан облысында жол қауіпсіздігі мен есірткіге қарсы іс-қимыл күшейтілуде

Түркістан облысында «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында және «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірнеше бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және есірткі қылмыстарының жолын кесу бойынша рейдтік іс-шараларды күшейтті.
Түлкібас ауданында республикалық маңызы бар трассаларда жылжымалы блокпосттар орнатылып, кіріп-шығушы көліктер жіті тексерілуде. Бұл – есірткі трафигіне тосқауыл қоюмен қатар, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «жолды тарылту» әдісі қолданылуда. Мұндай тәсіл жүргізушілерді автоматты түрде жылдамдықты төмендетіп, сақтықпен жүруге мәжбүрлейді.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша жүргізушілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бейнероликтер мен QR-кодтары бар ақпараттық парақшалар таратты.
Полиция тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Жолдағы тәртіп – ортақ жауапкершілік екенін еске салған қызметкерлер тұрғындарды мұқият, жауапты болуға шақырды. Түркістан облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын болады. Жол қауіпсіздігі – әр азаматтың өмірі мен денсаулығы үшін маңызды. Полиция азаматтарды жауапкершілікпен қарауға, ереже сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке бірге үлес қосуға шақырады.
Одан бөлек Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының тапсырмасына сәйкес, өңір аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Нүктелік» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, көлік құралдарында және жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Негізгі басымдық – интернет-алаяқтықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету.
Тәртіп сақшылары жолаушыларға жолда қауіпсіздік сақтаудың маңызын түсіндіретін бейнероликтер көрсетіп, QR-кодтар арқылы қолжетімді жадынамалар таратты.
Сонымен қатар, іс-шара аясында азаматтық қару иелерінің қаруды сақтау ережелері тексерілді. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы атап өткендей, есірткі саудасы мен оны тұтыну дабыл қағарлық жағдайға жетті. Бұрын ине арқылы тұтынылатын есірткілермен күрес өзекті болса, бүгінде мамандар синтетикалық, яғни қолдан жасалған психобелсенді заттардың таралуына алаңдаулы. Өйткені жасанды есірткі арзан тұрады әрі қолжетімді. Бірақ оның денсаулыққа тигізер зардабы өте ауыр боп келеді. Бұл психотропты затты бір рет тұтынып көрген адам одан қайтіп бас тарта алмай қалуы мүмкін. Нәтижесінде, оған тәуелділікке ұшырап, соңында қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Нашақорлықтың кесірінен бірінші қоғамдық институт бұзылады. Есірткіге тәуелді адам ортада өзін жоғалтып, ешкімге керексіз болып қалады. Тіпті отбасынан айырылып, денсаулығын құртып, ақыры аяғында бір доза үшін қылмысқа барып, өмірінің соңын темір торда өткізуі ғажап емес. Әсіресе, мамандар синтетикалық есірткіге еліткендер қатарында жастар көп деп дабыл қағуда.