Заң мен тәртіп: Қоғамдық тәртіп – тұрақты мемлекеттің тірегі

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының тапсырмасымен жолдарда қоғамдық тәртіпті сақтау және жол апатының алдын алу мақсатында «нүктелік» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
Полицейлер шара барысында қоғамдық орындарда, көліктерде және жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу және жол қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше назар аударды. Тәртіп сақшылары жолаушыларға жол қауіпсіздігі туралы бейнероликтер мен QR-кодтары бар жадынамалар таратты.
Сонымен қатар, азаматтық қару иелеріне қаруды сақтау ережелері бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жол қауіпсіздігі – полицияның басты назарында. Мәселен, полицейлер Шымкент – Алматы – Термез тасжолында жүргізушілер арасында профилактикалық іс-шара өткізді. Шараның мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің маңыздылығын еске салып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жадынамалар таратып, су ұсынды, шаршағандарға көлікті тоқтатып, тынығып алуды кеңес етті.
Іс-шара барысында жүк және жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге ерекше көңіл бөлінді.
Жалпы қоғамдық тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуында шешуші рөл атқаратын негізгі элементтердің бірі. Бұл элементтің тұрақтылығын қалыптастырмай мемлекеттің, һәм қоғамның тыныс-тіршілігін елестету мүмкін емес. Сол себепті, мемлекет азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету, қоғамдағы шиеленісті болдырмау, азаматтардың бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзушылықпен күресуге бағытталған әкімшілік-құқықтық шаралар жүйесі жұмыс істейді.
Аталған заңнама арқылы:
– Қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жедел әрі тиімді жауапкершілік жүктеледі;
– Заң бұзушылыққа жол бермеу үшін ескерту және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі;
– Мемлекет пен азаматтардың арасында заң аясында өзара жауапкершілік орнығады.
Қазіргі қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес, қоғамдық тәртіпке және қоғамдық имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 25-тарауында көрініс тапқан ерекше әкімшілік құқық бұзушылықтар тобын құрайды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының емес, барша азаматтың міндеті екенін естен шығармау керек. Заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп пен тәртіпке бағыну – өркениетті елдің көрсеткіші.