Әлеуметтік-экономикалық жоба: Түркістанда жаңа «Ана мен бала» орталығының құрылысы қарқынды

0
55

Түркістан қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығының құрылысы басталды. Бұл – өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған ауқымды әлеуметтік-экономикалық  жоба.

80 төсек-орынға арналған жаңа перзентхана Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынуда. Жобаны «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жүзеге асырып отыр, ал құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізуде.

Орталықтың жалпы аумағы – 3,3 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер жұмыстары мен іргетасын құю толық аяқталған. Жоспар бойынша нысан 2026 жылы қолданысқа берілмек.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысымен танысып, жауапты тараптарға нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы сапа мен қауіпсіздік стандарттарының сақталуына ерекше назар аударылуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, болашақта орталықты білікті мамандармен қамту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру – негізгі басымдық екенін айтты.

Бұл жоба – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Медициналық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы халықтың өмір сапасы артып, ана мен баланың денсаулығына қолдау көрсетіледі.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу