Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

0
26

Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту бағытында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс басшылығының тікелей бақылауымен бүгінде өңірде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, тұрғындардың игілігіне бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет салаларында жаңа ғимараттар бой көтеруде. Облыс орталығы мен аудандарда мектептер, ауруханалар, емханалар, мәдениет үйлері, спорт кешендері және балабақшалар салынып жатыр.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы барысында сапа мен қауіпсіздік талаптары бірінші кезекте қарастырылып, заманауи стандарттарға сай жобаланып отыр. Бұл нысандар өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады. Соның нәтижесінде Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылдық округі,  Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне генерал Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облысы филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жергілікті халықты құттықтады.

Құны 160 миллион теңгені құрайтын спорт кешені толығымен жеке демеушінің қаржысы есебінен бой көтерді. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен тұрақты айналысуға үлкен мүмкіндік береді.

Спорт кешені ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулықты нығайтуға бағытталған мәдени-рухани орталыққа айналмақ. Отбасы мүшелері бірлесе келіп, түрлі спорт түрлерімен айналыса алады.

Салтанатты шарада ауыл халқы игілікті іске мұрындық болған Болат Жылқышиевке ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Өз кезегінде Болат Әбжапарұлы ізгі тілегін білдірді.

– Бұл кешен – болашақ чемпиондардың жаттығып, шыңдалатын ордасы боларына сенеміз. Бүгінгі жасөспірім – ертең ел намысын қорғайтын спорт саңлағы, чемпион. Мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлем ареналарында шырқататын дарабоздар осы залда тәрбиеленеді деп сенеміз, – деді ол.

Соңғы  жылдары Төлеби ауданында спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілуде. Бүгінде ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 51 588 адамға жетіп, бұл аудан халқының 42,2 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда ауданда 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетеді.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу