Түркістан облысында «Келешек мектептері» ашылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданы мен Арыс қаласында Білім күні қарсаңында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа білім ордаларының ашылу салтанаты өтті. Ел игілігіне берілген білім ордалары – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 600 орындық білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.
Биылғы жаңа оқу жылында Арыс қаласында 20 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 1629 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басты. Аталған шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысты. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Әбілханұлы мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардақты ұстаз Әбдісаттар Жүніс құттықтау тілегін жеткізіп, жаңа мектептің лентасын қиды.
Меркелік шара Жетісай ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа мектептің лентасы қиылды.
Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 600 орындық мектептің ашылу салтанаты өтті. Оған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.
Бұған дейін 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан Көрікті ауылының №37 «Еңбек» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған ауыл балалары енді заман талабына сай толық жабдықталған зәулім ғимаратта білім алатын болады. Мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және хореография залдары, медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілетін болады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіз әрі ыңғайлы ортада білім алып, жұмыс істеулерін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес ауданда 3 мектепке реновация жұмыстары, 5 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, Сауран ауданындағы С.Қожанов атындағы жаңа мектеп пайдалануға берілсе, алдағы уақытта Аша елді мекеніндегі жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Абай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ Майдантал және Құмтүйін елді мекендерінде жаңа мектеп пен 300 орындық «Оқушылар сарайын» салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Ал биылғы жылы Ж.Тәшенов атындағы мектепке 713,7 млн теңге, Молда Мұса атындағы мектепке 836,5 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан көлемінде білім саласына бағытталған жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл игі бастамалар сапалы білім берудің негізгі кепілі болмақ.
Қазіргі таңда аудан бойынша 62 мектепте 24 964 оқушы білім алуда. Оның ішінде 44 мемлекеттік, 18 жекеменшік мектеп бар. 2025 жылы 1579 түлек 11-сыныпты аяқтап, олардың 104-і «Алтын белгі», 131-і «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ-ға 1427 оқушы қатысып, ауданның орташа балы 78-ді құрады. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші 60,3%-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артты. Биыл ауданда 2260 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.