Түркістан облысында шахмат спорты дамуда

0
53
Түркістан облысында шахмат ойынын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағыт – тек зияткерлік спортты өркендетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етуде. Осы бағытта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есеновпен кездесті.
Кездесу барысында өңірде шахматты дамыту, алдағы жоспарлар мен маңызды жобалар талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шахмат спортына ерекше көңіл бөлінуде. Шахмат спортын дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Қала және аудандарда шахматшыларға қолайлы жағдай жасалған. Облыс әкімі әр аудан аумағынан шахматты дамыту туралы берген арнайы тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында 11 шахмат үйі ашылды. Ауылдық елді мекендерде шахмат үйірмелерін көбейту, мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер желісі дамытылуда, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Облыста шахмат спортын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында 20 спорттық мекемеде 97 жаттықтырушы қызмет атқарып, 2475 спортшымен тұрақты жұмыс жүргізуде.
Шахмат – балалар мен жастардың логикалық ойлау қабілетін, стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын арттыру арқылы адами капиталдың сапасын жақсартады. Қазіргі таңда облыс мектептерінде шахмат үйірмелері ашылып, мыңдаған оқушы осы ойынның қыр-сырын меңгеріп келеді.

Сонымен қатар шахмат турнирлері мен жарыстардың жиі өткізілуі ішкі туризм мен шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруде. Турнирлер кезінде қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының табысы артады. Бұл – өңірлік экономикаға жанама түрде үлес қосатын фактор.

Мемлекет тарапынан зияткерлік спорт түрлерін қолдау аясында шахмат мектептері, клубтар мен жаттықтырушыларға жағдай жасалып жатыр. Жас буынға арналған осындай мүмкіндіктер Түркістан өңірінің білімді, ойлы және бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуге негіз болуда.

Айта кетсек, биылғы жылдың қараша айында Түркістан қаласында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан кубогының финалдық кезеңін өткізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу